Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария – өркениеттер ізі сақталған құтты мекен

Сырдария – өркениеттер ізі сақталған құтты мекен

Сырдария ауданы – тамыры терең, тарихы кенен, береке-бірлігі бекем киелі өңір. Қасиетті қарт өзеннің жағасында орналасқан ынтымағы жарасқан ауданның бүгінде әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты қарқынды дамып, аймақтың алдыңғы қатарынан көрінуде.

Ауданнан шыққан Социалисттік «Еңбек Ерлері» Дүйсенбай Керейтбаев, Нағи Ілиясов, Ибадулла Ақниязов, Цой Ги Хва, Қасым Бөдеев, Ахмет Халықов, Алдаберген Бисенов, Бақытжан Серімбетов, Амангелді Ахметов, Орынбасар Бәйімбетов, Қуаныш Сарбөпеев секілді азаматтар мен Күләнда Әбдіраманова, Айша Меңлібаева, Балдырған Мұстафаевалар еңбектің ерен үлгісін көрсеткен. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін «Еңбек Ері» атағын иеленген Абзал Ералиевтің ауылды гүлдендіріп, дамытуға қосқан еңбегі зор. Осындай ел ағаларымен мақтанатын аудандағы Н.Ілиясов, «Бесарық» секілді ауылдар облыстың ғана емес, елімізде маңдайалды, озық елді мекенге айналды. Газет тілшісі аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен ауданның даму барысы, атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелескен еді.

– Берік Әбдіғаппарұлы, өзіңіз ауданға басшылыққа келгелі екі жыл болыпты. Оның алдында да аудан әкімінің орынбасары қызметін ат­қар­дыңыз. Жалпы бұл жердің ты­ныс-тіршілігі өзіңізге жақсы таныс деп ойлаймын. Бүгінгі даму деңгейіне, эко­номикалық әл-ауқатына тоқ­талсаңыз…

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ бас­шысының қолдауымен мемлекет­тік бағдарламалар аясында ауданда жос­парланған ауқымды жұмыстар жүзеге асып, әлеуметтік-эконо­мика­лық даму бағытында тұрақты өсім қа­лып­тасты. Жыл басынан бері ау­данда барлық сала бойынша даму дина­микасы сақталды.
Экономикаға тіке­лей ықпал ететін ауданның өнеркәсіп орындары 42,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 7,5 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 6,9 млрд теңгені құрап, 34,7 пайызға өсті. (Тау-кен – 3,5%, тамақ өнеркәсібі – 26,8%, металл емес минералды өнімдер – 9,6 есеге ұлғайып отыр). Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі осы жылдың қаңтар-мамырында 2,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артып отыр. Биыл аудан эконо­микасына 30,7 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен са­лыстырғанда 118,5 пайыз. 8139 шаршы метрге тұрғын үй салынып, 5,3 пайызға ұлғайды.
Құрылыс жұмыс­тарының көлемі биыл 5197 млн теңгені құрап, 107 пайыз болды. Бөлшек сауда айналымының нақты көлемі 1,3 млрд теңге болып был­тырғы тиісті ке­зеңімен салыс­тырғанда 100,2 па­йыз­ды көрсетті. 2025 жыл­дың 1 маусымына 2698 шағын және орта кәсіп­керлік субъектілері тір­келген. Оның 153-і ша­ғын және орта кәсіп­кер­ліктің заңды тұл­ғалар, 1275 жеке кәсіпкер, 1270 шаруа және фермер қожалығы.
Жұмыс жасап тұрған кә­сіпкерлік субъекті саны 2639 болып, өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 96,6 па­йызды құрады. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 97,8 пайыз. Міне, көрсеткіштердің барлығы аудан­ның даму динами­касының жо­ғары екенін байқатады.
– Қазір қандай ақпарат бол­сын барлығы қолжетімді. Ауданның дамуы, жылт еткен жаңалығы болсын теледидардан көрсетіліп, әлеуметтік желі мен баспасөз беттерінде жарық көріп жатады. Ауданда іргелі істер барын да білеміз. Дегенмен өзіңізден тағы бір естіп білгіміз келеді. Басты-басты жоба­лар жайында айтып кетсеңіз…
– Ауданда жол, құрылыс ком­муналдық сала және абаттандыру бойынша жұмыстар қарқынды жүр­гізілуде. Мемлекет басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осы ретте, өткен жылы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды да­мытудың 2023-2029 жылдарға ар­налған тұжырымдамасын» іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары негізінде Тереңөзек кентінде 144 пәтер сатып алынып, кезекте тұр­ғандарға табысталды. Ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстарына ерекше мән берілуде. Алдыңғы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 330 млн теңгеге Қалжан ахун ауылы «көгілдір отынға» қосылды. Былтыр құны 1 млрд теңгеге Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағанбетов ауылдары газдан­ды­рылды.
Биыл Нағи Ілиясов ауылы «көгілдір отынға» қосылды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі іргелі ең үлкен ауыл «Шаған» ауылына газ құбырын тарту жұмыстары жүр­гізілуде. Аталған елді мекен тұр­ғындары биыл табиғи газдың игілігін көретін болады. «Ақжарма» ауылына да газ тарту жұмыстары үшін тиісті қаржы бөлініп, қолданыстағы заң­дылықтарға сәйкес жұмыс жасалуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан халқын газдандыру деңгейі 70 пайызға жетеді.
Электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. 2023 жылы құны 1,6 млрд теңгеге «Айдарлы», «Жетікөл», Аманкелді, «Қоғалыкөл» елді мекендерінің электр желілері (барлық бағаналар, сым, транс­форматорлар) 100 пайыз ауысты­рылып, қайта жаңғыртылса, 2024 жылы 1,6 млрд теңгеге «Шаған» ауылында дәл осындай жұмыстар аяқталып, бүгінде Қалжан ахун елді мекенінде тиісті шаруа атқарылуда. Нәтижесінде ауданның электр жүйесінің тозу деңгейі 65 пайызға төмендейді.
Оңтүстік өңірлерде электр энергия­сының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу-газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Жаңа бу-газ қон­дырғылары Сырдария ауданының ау­мағында салынады, оған 270 гектар жер бөлінді. Жоба ауданның эконо­микасын дамытуға септігін тигізеді.
Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен құны 174 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі көп­қабатты тұрғын үйлер ауласын абат­тандыру жұмыстары жүргізілді. Мем­лекеттік бағдарлама аясында құны 73,2 млн теңгеге аудан орта­лығында 6 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілді.
Аудандық бюджет есебінен 200 млн теңгеге орталықтағы «Тағзым алаңы» абаттандырылып, «Жастар аллеясы» салынса, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан көлеміндегі халық көп шоғырланған, әлеуметтік нысандар мен мектептер орналасқан көшелерге 250 млн теңге қаралып, 6 көшеде 13 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Мемлекет басшы­сы­ның бас­тамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» эколо­гия­лық акциясы аясында ауданда «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөл­дір бұлақ» апталықтары ұйым­­дас­ты­рылып, санитар­лық тазарту, көркейту және көгал­дандыру жұмыстары тұ­рақты жүр­гізілуде. Осыған бай­ланысты Тереңөзек кен­тінде 475 млн теңгеге тұрмыстық қатты қалдық­тарды сұрыптауға арналған полигон пай­далануға берілді. Қазіргі таңда 7 адам жұмыспен қамтылып, тұр­мыстық қал­дықтар сұрып­таудан өтуде. Аймақ бас­шысының бас­тама­сымен үшін­ші рет өткізілген «Үлгілі елді мекен» бай­қауының нәти­­же­сінде Терең­өзек кенті жүл­делі орынға ие бо­лып, таза­лық жұмыс­тарына 2 арнайы техника берілді.
Биыл Тереңөзек кен­тінің көшелерінде жаяу жүргіншілер жолын салу, көпқабатты тұрғын үй­лердің ауласын қайта жаң­ғырту, 6 көшеге қиыршық тас төсеу, «Ақжарма» ауылына газ тарту, Аманкелді ауылында 2 көшеге қиыр­шық тас төсеу, «Жеті­көл» ауылының 5 көшесіне ағым­­дағы жөндеу, ойын алаңын салу, «Шаған» ауылының кварталішілік газ тарату желісінің құрылысы, кө­шелерге жөн­деу жұмыстарын жүргізу, «Шіркейлі» ауылында 1, С.Сейфуллин ауылында 3 көшеге күрделі жөндеу, электрмен жабдықтау, А.Тоқмаған­бетов ауылын электрмен жабдықтау, жаяу жүргінші жолын салу секілді жұмыстар биылға жоспарланып отыр.
Аймақ басшысының бастамасы­мен өткен жылы «Руханият жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай ауданымызда мәдениет сала­сында да біршама жұмыс атқарылды. Аудан орталығында неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Руханият орталығы» бой көтерді. 2025 жылдың ақпан айында ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудан орталығына ерекше сән беріп тұрған ғимаратта, мәдени-көпшілік шаралар, рухани кештер үздіксіз жүргізіліп, кітапхана оқырмандарына 24 сағат жұмыс жасауда.
Айтулы жылда ауданның мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетіліп, клубтар мен мә­дениет үйлері жанынан түрлі бағыт­тағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмысын бастады. Бұл орталықтарда 35 жаңа үйірмелер ашы­лып, онда жастар мен жас­өспі­рімдер шығармашылықпен айна­лысуда.
Құны 185,4 млн теңгеге «Бесарық» ауылдық мәдениет үйі күрделі жөн­деуден өтті және Аманкелді, «Жетікөл», Н.Ілиясов, «Шаған», «Іңкәр­­дария», «Ақжарма», Қалжан ахун елді мекендеріне «ЛЭД» экран, музыкалық аппаратуралар мен аспап­тар, басқа да құрал-жабдықтар алынды.
Кейінгі екі жылда аудан көлемін­дегі А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, «Іңкәрдария» ауылдарының медици­налық ғимараттары, Тереңөзек кен­тінде аудандық аурухананың оңалту бөлімшесі және Аманкелді елді ме­кеніндегі дәрігерлік амбулатория күр­делі жөндеуден өтті. Сала жұмысын жетілдіру үшін ауданға 14 меди­циналық автокөлік берілсе, 133,7 млн теңгеге УЗИ, жылжымалы рент­ген, ты­ныс алу аппараттары және меди­циналық құрал-жабдықтар алынды.
– Биыл ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылы «Үздік туристік ауыл» номинациясын жеңіп алды. Бұл бір ғана аудан емес, облыстың да мерейі. Осындай туристік ауыл­дарды көбейту жоспарда бар ма?
– Нағи ауылының «Үздік туристік ауыл» номинациясын жеңіп алуы біз үшін үлкен мақтаныш. Аудан кө­лемінде туризмді дамыту бағытында тиісті жұмыстар жасалуда. Қызылорда облысы күн санап туризм бағытын дамытып келеді. Соның ішінде Сыр­дария ауданы – тарихы терең, табиғаты бай, келешегі кемел аймақтардың бірі. Бұл ауданның туризм саласындағы әлеуеті зор, оны дұрыс бағытта дамыта білсек, еліміздің танымал туристік орталық­тарының қатарына енуі әбден мүмкін.
Сырдария ауданында туристік әлеуетті дамыту мақсатында нақты қадамдар жасалуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі аудан арқылы өтеді. Осы жол бойында екі бірдей қызмет көрсету кешені жұмыс жасауда. Бұл нысандар арқылы жылына 3000-нан астам туристке қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.
Көне тарихтың көзі Сыр бойындағы қалашықтар деуге болады. Сырдария – аты айтып тұрғандай, қазақ даласының күре тамыры саналатын Сыр өзенінің бойын жағалай орналасқан аудан. Бұл өңір – ежелгі өркениеттер мен Ұлы Жібек жолының ізін сақтап қалған құтты мекен. Аудан аумағында орта ғасырларға тән бірнеше көне қала орындары сақталған. Соның ішінде Асанас, Қышқала, Қосасар секілді тарихи қалашықтар – археологтардың да, туристердің де қызығушылығын тудырып отыр. Археологтардың ай­туынша, бұл қалалар XII-XIV ға­сырларда өркендеген, сауда мен қолөнердің орталығы болған. Бүгінде бұл нысандарды тарихи-танымдық туризм нысаны ретінде қайта жаң­ғыртып, келушілерге арнайы мар­шруттар жасақтау жоспарлануда. Сырдария ауданы бойынша 60 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 4-респуб­ликалық маңызы бар (Мүлкалан кесенесі, ХVІ ғ., Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғ. Асанас кесенесі, ХVІІ ғ. Қожан қожа кесенесі, ХVІІІ ғ.), 14 жергілікті маңызы бар және 44 ескерткіш алдын ала тізімге алынған. 60 ескерткіштің 15-і археологиялық, 45-і қала құры­лысы және сәулет ескерткіші болып бөлінеді. Осы ескерт­кіштерді де тарихи орындар ретінде пайда­ланып, турис­тік қызметті дамытуға жұмыс жасаймыз.
– Аудандағы жол сапасы мен көлік қа­тынасы мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Өткен жылдың қоры­тындысы­мен аудандық маңы­­зы бар автомобиль жол­­да­рының жақсы және қана­ғат­танарлық жағдайы 99% болды. Бұл көр­сеткішті биыл жыл қорытын­дысымен 100%-ға жеткізу межеленген.
Ауданға қарасты кент және елді мекендерде, жалпы ұзындығы 238,3 шақырымды құрайтын 227 көше бар. Оның ішінде 198,6 шақырымы асфальт­ты жолдар, қалғаны қиыршық тас төселген және қарапайым қатынас өзегі. Бүгінгі күнге ішкі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 82% құрап отыр. Биыл жол саласын дамыту жоспары бойынша бүгінге дейін 1184 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Оның 612,4 млн теңгесі облыстық, қалғаны аудандық бюд­жеттен қаралған. Атап айтқанда, облыс­тық бюджет есебінен «Шаған» ауылында 3 көшеге, «Шіркейлі» ауыл­дық округіндегі Б.Жақыпов көше­сіне күрделі жөндеу, С.Сейфуллин ауы­лында Ә.Байназарұлы, М.Арықұлы, З.Әбілдаұлы көшелерінің автомобиль жолын күрделі жөндеу жобалары. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 10,2 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолын орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 571,6 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Қазір жаз мезгілі болғандықтан таза ауызсуды тұтыну көлемі ар­татыны белгілі. Аудан түгілі, қала орталығында да кей кезде ауызсудың қысымы төмендеп кетеді. Мұндай мәселе сіздерде бар ма?
– Ауданда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Негізінен, аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз­­сумен қамтамасыз етілген. Деген­­­мен, «Сырдария аудандық оқ­шау сумен жабдықтау жүйелерін пай­даланушы» өндірістік бөлім­шесімен бірлесе жүргізілген зерделеу бары­сында тозығы жеткен су жүйелері анық­талып, қайта жаңғырту жұмыс­тары жүргізіліп келеді.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдар­ламасымен 725 млн теңгеге Тереңөзек кенті, «Шаған», «Қоға­лы­көл», Аманкелді ауылдарында 14,5 шақырым ауызсу құбырлары қайта жаңғыртудан өтті. Аудандық бюджет есебінен 22 млн теңгеге Аманкелді, «Қоғалыкөл», «Шіркейлі» және Н.Ілияс­ов елді мекен­дерінің су мұнаралары жаңарды, 118 млн теңгеге Сәкен Сейфуллин және «Іңкәрдария» ауылдарында қосымша барлау-өндірістік ұңғымасы орна­тылып, пайдалануға берілді.
Соңғы 2 жылда 9 ауылдық елді мекеннің су мұнарасы мен оған қажетті құрыл­ғылар ауыстырылды.
– Білуімше сіздің мамандығыңыз құрылысшы. Ауданда құрылыс қарқыны қандай? Олардың сапа­сын өзіңіз қадағалайтын боларсыз…
– Әрине, қазіргі таңда аймақ басшысының негізгі талаптарының бірі – құрылыс сапасына мән беру, жоғары деңгейде жұмыс жүргізу. Аудан көлеміндегі құрылыс жұ­мыстарын аудандық мәслихат депу­таттары, қоғамдық кеңес пен азаматтық институт өкілдерімен бірге тұрақты түрде бақылауға алғанбыз.
– Сырдария ауданының негізгі экономикалық тірегі – ауыл шаруа­шылығы. Бұл салада қандай жетістіктер мен қиындықтар бар? Шаруалардың жайы қалай? Шағын және орта кәсіпкерлік ту­ралы айтарыңыз бар ма?
– Әр сала бойынша айтатын болсақ, ауданда биыл 35 899 гектарға егін екті. Оның ішінде, күріш 22704, жаздық бидай 2000, арпа 40, мақсары 600, жаңа жоңышқа 2200, картоп 145, көкөніс 240, бақша 420, ескі жоңыш­қа 7400 гектарды құрап отыр. Шаруа­шылық құры­лымдары 6455 гектар жоңышқадан (І орым) 6455 тонна шөп жинап, орта өнім 10 центнерден келді.
– Биылғы егіске 5250 тонна күріш тұқымы құйылды. Оның ішінде «Айсара», «Лидер», «Янтарь», «Яхонт», «Па­триот», «Маршал» сорт­тары бар. Қажетті 10 600 тонна минералдық тыңайтқыш толық сатып алынды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 780 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысты. Үкімет тара­пынан көктемгі дала жұ­мыстарына қажетті 1983 тонна дизель отыны шаруашылық құрылымдарына жет­кізілді. Биыл шаруашылықтар 3500 гектар жерге лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ауданда күріш алқаптарының 55,1 пайызы тегістелді. Бұл меже жыл соңына дейін 63 пайызға жеткізіледі. «Қазсушар» РМК облыстық фи­лиалымен 118 шаруа қожалық суға келісім шартқа отырды. Ауданда барлығы 81 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде, шаруашылықтар егінге 34 дана насосты пайдалануда.
«Қазсушар» РМК-да 13 дана, оның 11-і қашыртқылар бойына орна­тылған. Ауылдық округтерде 33 дана насос аяқсумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұр.
Тұрғындардың өзін-өзі әлеу­меттік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақ­сатында егіс алқаптарынан 175 гектар қосымша жер ашылып, 780 адам егін екті.
Техникалық саясатты жетілдіру және машина-трактор паркін жаңар­ту жұмыстары соңғы жылдары қар­қынды жүргізілуде. Қазіргі кезде шаруашылықтар шетелдік заманауи, жоғары технологиялық ауыл шаруа­шылығы техникаларына басымдық беріп келеді.
Аудан бойынша ауыл шаруа­шылығы құрылымдарынан 17 дана техника статистика бөліміне тіркеліп, негізгі қорға 405 млн 682 мың теңге салынды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 28,2 (38819 бас), жылқы 100 (28662 басқа), құс 3,6 (13419 басқа), түйе 100 пайызға (1716 басқа) өсті. Осының есебінен өнімділік те артты.
Қазіргі таңда ауданда 128 құры­лым мал шаруашылығымен айна­лысады. Оның ішінде 11 шаруашылық асыл тұқымды түлік өсіруде. Асыл тұқымды 1000 бас мүйізді ірі қара, 4749 бас қой бар.
2025 жылы «Кең дала», «Агро­бизнес» бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы, «Сырдария-1» кредиттік серік­тестіктері арқылы 15 шаруа­шылық құрылым егін және мал шаруа­шылығын дамытуға 3,5 млрд теңге несие алды. Солтүстік Қазақ­стан облысының агроөнер­кәсіптік кешен саласындағы тәжірибесін алмасу бағ­дарламасы бойынша ау­данда қуат­тылығы 400 бастан бастап тауарлы сүт фермасын ашу жұ­мыс­тары қолға алынды. Жобаның бас­тапқы құны шамамен – 3,7 млрд теңге.
Ауданда жыл басынан 2698 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны – 2639. Жалпы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 4,1 млрд теңгені құрайтын 81 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде, құны 4 млрд теңгенің 45 жобасы несие болса, құны 56,6 млн теңгенің 36 жобасы грант қаражаты.
Бағдарламаларға келетін болсақ «Агробизнес» бағдарламасы аясында құны 7,6 млн теңгенің 2 жобасы, «Кең дала 2» бойнша 3,5 млрд теңгеге 13 жоба қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша құны 109,5 млн теңгенің 13 жобасы оң шешім алып, қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, «Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 1 572 800 теңгеден 36 адамға 56,6 млн теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы құны 405,6 млн теңгеге 17 ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары алынды.
Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Үкімет басшысы облысқа жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысан­дардың жұмысымен танысты. Сыр еліне сапары барысында ауданға қарасты «Бесарық» ауылындағы «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуын көріп, оң бағасын берді. Бұл – бәріміз үшін ортақ жетістік. Жалпы «Бесарық» ауылында жеке кәсіпкер ғимарат салып, ауылда кәсіппен айналысқысы келетін тұрғындарға кредит алуына салынған ғимаратты кепілдікке қо­йып, жағдай жасауда. Бұл жаңа кәсі­бін бастаған азаматтарға өте қолайлы.
– Сіздерде жер дауы мәселесі көп қозғалады. Қазір мәселе шешімін тапты ма? Тұрғындармен қан­шалықты жиі кездесесіз?
– Сырдария ауданы бойынша қоғамдық-саяси және діни ахуал тұ­рақты негізде сипатталады. Жыл ба­сынан діни шиеленіс тудыратын проб­ле­малық мәселелер орын алған жоқ.
Жер дауы деген мәселеге келсек, дұрыс түсіну қажет, жергілікті атқарушы орган жеке сектор, яғни шаруашылықтың жұмысына араласа алмайды. Ол жерде жер бөлу және тағы да басқа мәселелер жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктерді құрған құрылтайшылар мен үлес­керлердің өзара дауыс беруі арқылы шешіледі. Сол себепті тиісті заң­дылықтар мемлекеттік органдар тарапынан түсіндіріледі.
Сырдария ауданына қатысты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары бойынша шие­леністі жағдайлар жыл басында орын алған болатын. Мәселе аймақ басшысының бақылауына алынып, тиісті құқық қорғау органдары және сала басшы­ларымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, тараптар келісімге келіп, жерлерін бөліп алып, толық егіс жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда мәселе жоқ.
Ал тұрғындармен кездесуге кел­сек, Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес жылына екі рет аудан көлеміндегі барлық ауылдарда тұр­ғындармен кездесіп, еркін фор­матта сұхбат жүргіземін. Сонымен қатар аудан әкімдігінде кестеге сәйкес әр аптаның жұма күні жеке қабылдау өткізсем, шұғыл мәселелер бойынша күнделікті қабылдауға дайынмын.
– Уақыт бөліп, сұхбат­тас­қаныңыз үшін рақмет. Еңбеккер елдің несібесі мол болғай. Баста­маларыңызға сәттілік тілейміз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,«Сыр бойы»,
Қызылорда – Сырдария – Қызылорда.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
13 шілде 2025 ж. 50 0