Өнерде де озық

Иә, полиция қызметкерлері – өнер байқауында. Жақында облыстық деңгейде «Абай – дара қазақта» атты мүшәйра өтті. Ішкі істер органдары қызметкерлері бақ сынаған байқауда аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен құралған «Сыр сақшылары» командасы сұлу сөздің өрнегін теріп, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Сайыстың мақсаты – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын ішкі істер органдары арасында кеңінен атап өту, ақын шығармашылығы арқылы мәдени-ағартушылық жұмыстарды жандандыру болды. Ұлттық құндылықты дәріптеу мен қызметкерлер арасында мемлекеттік тілге деген құрметті арттыруды негіз еткен байқауға қалалық полиция басқармасы мен әр аудандағы полиция бөлімдерінің қызметкерлерінен құрылған топтар қатысып, күнделікті қызметтік киімді бір сәт сахнаға лайықтандырды.
Тәртіп сақшыларының тіл сайысы үш кезеңнен тұрды. І бөлім «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп аталып, онда команданың бір мүшесі Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл кезеңде қатысушының жатқа оқу шеберлігіне, сахна мәдениетін сақтауына және киім үлгісіне аса мән берілді. ІІ бөлім «Көзімнің қарасы» деген тақырыпшамен өтті. Бұл кезеңде тәртіп сақшылары жанды дауыста ән орындау шеберлігін сынады. Орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті қатаң бағаланған кезеңде тәртіп сақшыларына жанды дауыста ән шырқау оңайға соқпағаны белгілі. Ал ІІІ бөлім «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деген тақырыпты арқау етіп, команда мүшелерінің монолог орындауы – басты талап болды. Абайдың қара сөздерінен монолог оқыған полиция қызметкерлері дауыс мәнерін шыңдап, сахналық шеберлікті ортаға салды.
Әрине, күнделікті тәртіп пен қызметтік форманы сақтайтын тәртіп сақшыларына қаруды микрофонға, форманы ұлттық киімге ауыстыру оңай болмады. Десек те намысқа тырысып, өз өнерлерін ортаға салған ауданның тәртіп сақшылары жан-жақты екенін айқын көрсете алды.
Ауданның намысын қорғаған «Сыр сақшылары» командасы төрт адамнан құралды. Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі учаскелік полиция инспекторының көмекші полиция лейтенанты Нұрбол Кеукенов, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция лейтенанты Нұрсұлу Нағашыбай, көші-қон қызметі тобының инспекторы полиция лейтенанты Асқар Дүйсенбаев, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция лейтенанты Әнуар Сәруаров аталған команда құрамында жоғары дайындықтың үлгісін көрсетіп, бірлескен жұмыстың нәтижесін көрсете алды. Ал команданы жасақтап, тартысты сайысқа дайындаған жетекшісі – аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі – Асхат Төлеуов екенін айта кету орынды.
– Қай саланың маманы болсын, дара, дана Абай шығармашылығын білуі ләзім. Осы орайда тәртіп сақшылары арасында тартысты сайыс өтті. Әрине күнделікті қызметі сөзге емес, іске бағытталған полиция қызметкерлеріне сахналық киім киіп, өлең-сөзден өрнек құру оңайға соқпады. Десек те жүйелі дайындықтың, күндіз-түні жасалған жұмыстың нәтижесінде қаншама ауданның ішінен суырылып жүлделі орынға ие болдық. Бұл – үлкен жетістік әрі ауызбіршілікпен жасалған жұмыстың нәтижесі, – дейді Асхат Бақтиярұлы.
Тартысты сайысқа тыңғылықты дайындалып, өздерін жаңаша қырдан сынаған тәртіп сақшылары «Абай – дара қазақта» байқауынан жүлделі ІІІ орын және «Шығармашылық ізденіс» номинациясын жеңіп алды. Байқауда тың тәсіл, ерекше идеямен өзге топтардан алда болған аудан құрама командасының мерейі үстем болды. Жеңімпаздарға облыстық полиция департаментінің арнайы алғыс хаты мен сыйлық табыс етілді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ