Тәртіп сақшылары тыныштық күзетінде

Сырдария ауданының полиция қызметкерлері де аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етуде. Бөлімдегі қызметкерлердің 93 пайызы ерлер болса, 7 пайызы әйел қызметкерлер. Ерлермен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықты болдырмау, қылмыстың алдын алуда және орын алған қылмысты дер кезінде ашу бағытында жұмыс атқаруда.
Осы күні аудан орталығы Тереңөзек кентінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған 72 бейнебақылау камерасы мен жол қозғалысы ережесін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 7 «Сергек» бейнекамерасы полиция бөлімінің басқаруына берілген. Бұл жаңашылдықтың арқасында құқық бұзушылық пен жол қозғалысын бұзу саны азайғаны көңіл қуантады.
Полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Мақсат Сүлейменұлы кәсіби мерекені қарсы алып отырған сырдариялық әріптестерін құттықтап, биылғы жылы бөлім қызметкерлері атқарған жұмыс туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Полиция күні – халықтың тыныштығын күзетіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жанқиярлықпен қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларына алғыс айтып, жылдағы дәстүрмен құрмет көрсетеміз. Сонымен қатар қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әріптестерімізді еске аламыз. Бүгінде өңірімізде ардагерлер ұйымына тіркелген 2500-ден астам зейнеткер болса, ауданда полиция саласында 72 ардагер бар. Біздің қатарымызда 5 әйел маман қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі жолында қажырлы еңбек етуде. Полиция қызметі – күнмен емес, ел алдындағы адалдықпен өлшенетін абыройлы міндет. Қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің сақшысы ретінде біздің еңбегіміз әрдайым ел алдында биік бағаланады. Қиындығы мен жауапкершілігі мол осы салада табандылықпен еңбек етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын, – деді полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сүлейменұлы.М.
Полиция полковнигінің айтуынша, соңғы кезде ауданда есірткі қылмысына қатысты заң бұзушылық бірнеше рет орын алған. Полиция қызметкерлерінің қырағылық танытуының арқасында кент тұрғынының үй ауласындағы сарайының ішінен және үй ішінен сора өсімдігін өсіру дерегі анықталған. Бұл бір ғана дерек емес, зиянды өсімдікке байланысты тағы да қылмыс әшкерелеген. Яғни аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен тұрғыны өзімен бірге кептірілген есірткі затын алып жүргені анықталып, заты тәркіленген. Өкінішке орай, бұндай дерек биылғы жылы тағы да тіркелген. Кент тұрғыны өз ауласында 11 түп сора өсімдігін егіп, баптаған. Бүгінде қылмыстық іс бойынша заңды шешім қабылданған.
– Ауданда мал ұрлығына қатысты қылмыс тоқтамай тұр. Полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру жұмысын жүргізу барысында 8 отбасынан 8 бас ірі қара мал ұрлаған 2 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Қылмыскерлер 2024 жылдан бері мал ұрлығымен айналысқан. Қазіргі уақытта отбасыларға келтірілген шығын өтеліп, қылмыскерлерге заңды шара көрілді, – дейді полиция полковнигі.
Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары да әкімшілік аймақтарында қылмысты алдын алу, болдырмау бағытында нәтижелі жұмыс жүргізуде. Профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде, ауданның бірнеше елді мекенінде, атап айтқанда С.Сейфуллин, Қоғалыкөл, Амангелді, Жетікөл, Айдарлы ауылында жыл басынан бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – ерекше атап өтерлік жағдай.
Қоғам өміріне белсенді араласатын полиция қызметкерлері спорттық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысуды дәстүрге айналдырған. Осы жылдың мамыр айында аудан мекемелері арасында Қазақстанның Құрметті құрылысшысы және мемлекеттік қызметтің үздігі Асылбек Әбдуовты еске алуға арналған аудандық турнирге «Сыр сақшылары» командасы белсенді қатысты. Команда құрамындағы спортшылар бірнеше спорт түрінен сайысқа түсіп, командалық есепте екінші орын иегері атанды. Сонымен қатар Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері арасында «Абай – дара қазақта» атты әдеби сайыста сырдариялық полиция қызметкерлері жүлделі үшінші орын алды.
Ерекше жауапкершілікті қажет ететін салада сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың қызмет етуі – ішкі істер саласында қызмет ететін азаматтардың тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, рухани және мәдени әлеуетімен де ерекшеленетінін көрсетеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ