Киімнің сәні – еңбектің мәні

Бүгінгі таңда «Мира прокат» атауымен таныс кәсіп иесі Гүлнұр бұл жұмысты 2019 жылдан бастаған. Әсілінде Гүлнұр бала кезінен тігінге жақын болған. Анасы Мирамкүл және көрші апасы Базаркүлден тігіннің қыры мен сырын жастайынан үйренген.
– Көрші Базаркүл апамның үйінде тігін машинасы болатын. Мектепте оқып жүрген кезде сабақтан босай сала сол кісінің үйіне барып, тігін және тоқыма өнерінің қыр-сырын үйрене бастадым. Жалпы адамның икемі неге келсе, сол салаға бағытталып, үйреніп алуы да әп-сәтте ғой. Сол секілді мен де тігінге қызығып, мектеп кезінен бастадым десем болады. Кейін Талғар қаласындағы Талғар агрокәсіп және менеджмент колледжінде оқып, арнайы технолог мамандығын алып шықтым. «Маман» деген жазуы бар куәлікті қолға алып, арман қуып Астанаға жол тарттым. Не дегенмен жастардың қаласы, арман қала ғой. Сол жақта менің алғашқы еңбек жолым бастау алды, – дейді жас кәсіпкер.
Жастайынан еңбекке жақын болып өскен кейіпкеріміз бас қалада сауда айналасындағы үлкен компанияларда жұмыс істеген. Пісіп-жетіліп, сауданың қырын, сатудың сырын үйренген. Демалыс күндері жалға киім беретін дүкенде сатушы әрі фотомодель болып жұмыс істеп жүріп, жалға киім беретін дүкен ашуды арман етеді.
– Жалға киім беру кәсібі өте қажет сала деп білемін. Қандай кезең болса да, әсіресе, қазіргі таңда бұл үлкен сұранысқа ие кәсіп. Балабақшадан бастап мектеп оқушылары әр мерекеге орай бірдей, әдемі киім киіп, іс-шараны жарқырап өткізуді құп көреді. Арнайы фотосессия жасау үшін болса да бірдей әрі сапалы киімді іздейтіні сөзсіз. Сол кездері біздің ауданда жалға киім беретін дүкен болған жоқ. Үлкен қаладан көрген тәжірибемді ауданға әкелгім келді. Себебі біздің ауданымыз да үлкен қаладағыдай өсіп, өркендеп келеді. Шындығында да қазір мерекелік іс-шараларға орай бізді іздеп келіп жатады. Сұраныс өте жоғары. Бізде түрлі ұлттардың киімімен қатар қазақы нақыштағы біркелкі формалар, түрлі аниматорлардың киіміне дейін бар, – дейді Гүлнұр Бегалықызы.
Айта кетейік, бүгінде кәсіпкерге екінші анасы Мәншүк Мұзаппарқызы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Жастайынан тігін өнерін кәсіп еткен Мәншүк апайдың есімі де көпшілікке таныс. Алғашқыда өзінің анасы Мирамкүл Шоханова қолдау көрсетіп, дүкен жұмысының жолға қойылуына үлес қосса, қазір енесі тігінші келініне білмегенін үйретіп, отбасылық кәсіптің жандануына қолғабыс етеді. Бір кәсіптің қазанында етене қайнап, ене мен келіннің жарасымды тірлігін көрсетіп келе жатқан жандар ауызбіршіліктен айныған емес. Қазір аудан орталығында орналасқан «Мира прокат» дүкенінің атауы алғашқыда Гүлнұрдың өз анасы Мирамкүлдің есіміне арналып қойылған.
– Алғашқыда кәсіпті бастауыма анам көмектесті. Дүкеннің атын да «Мира прокат» деп аштық. Орыс тілінен алып қарағанда «Прокат мира» деген секілді мағынаға келтіріп, «әлемдік брендке айналар дүкен болсын» деп ырымдаған едік. Бүгінде кәсібіміз, шүкір, сәт сайын алға жылжып келеді. Қазір екінші анам үнемі жанымнан табылып, қай жағынан болсын тәжірибесімен бөлісіп отырады. Дүкеннің атына сәл өзгеріс енгізу туралы ұсынысымды енем қолдамады. Сонымен қазір де «Мира прокат» есімімен халыққа қызмет етіп келеміз. Сұраныс өте жоғары. Дайын біркелкі киімдерді сатып алып, жалға береміз. Одан қалса міндетті түрде өз қолымызбен де тігіп шығарамыз. Сондай-ақ тұтынушыға кез келген тігу қызметін ұсынамыз. Қазақы көйлек, шапан, ұлттардың киімі, көйлек, шалбар, киімнің кез келген түрін тапсырыс арқылы тіккізуге болады. Қазір қол қусырып отыратын заман емес. Сол себепті халық сұранысына сай жан-жақты жұмыс істеуге тырысып келеміз, – дейді тігін өнерін дамытып жүрген кәсіпкер.
Гүлнұрдың арманы да асқақ. Қазір өзі кәсіп етіп отырған біркелкі сәнді киімнің түр-түрін болашақта өзі тігіп, өзге қалаларға, тіпті шетелге шығаруды, шағын тігін цехын үлкен заводқа айналдыруды мақсат етеді. Бүгінде екі баланы тәрбиелеп, ел-халыққа қызметімен қатар отбасыдағы міндетін адал орындап жүрген жас кәсіпкер бүгінде тынымсыз жұмыс жүргізіп келеді. Күн сайын жаңашылдыққа жүгініп отырған жас кәсіпкер үшін асқақ арманға жету күні де алыс емес.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Пікір 1