Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіл өнеркәсіп өндірісі неге кенжелеп қалды?

Жеңіл өнеркәсіп өндірісі неге кенжелеп қалды?

Қазақстан экономикасының дамуына едәуір үлес қосатын маңызды саланың бірі – жеңіл өнеркәсіп өндірісі. Негізінен халықтың әлеуетін көтеретін бұл сала өніміне сұраныс азық-түліктен кейін екінші орында тұр. Себебі жеңіл өнеркәсіп халықтың тұтынатын киім-кешегінен бас­тап, сырт киім, аяқ киім өндіретін, елдің мұқтаждығын қамтамасыз ететін сала. Аталған саланың да мақсаты – ел-жұрттың сұранысын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда біздің мемлекетіміздің алдында жеңіл өнеркәсіпті дамытуда шешілмей жатқан көптеген мәселе бар. Яғни саланың шешімін таппаған мәселелер өндірісті дамытуға кедергісін келтіріп тұр.

Шикізат пен өндіріс орны бар елміз

Шикізаттың көзі – мақта мен мата, жүн мен тері. Біздің елде жеңіл өнеркәсіптің негізгі көзі болатын шикізаттың мол қоры бар. Ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысатын ша­руа­лар төрт түлік малдың жүні мен терісін өңдейтін жер таппағандықтан, шикізатты арзан бағамен беруге немесе қоқысқа тастауға мәжбүр. Ал өндіріс орны болған жағдайда «1 тонна дайын жүн алуға 2 тонна тазартылмаған жүн қажет етеді» дейді мамандар. Сонымен қатар 1 тонна мақта талшығын өндіруге 3 тоннадай мақта шикізаты жұмсалады. Мақта-мата өңдеу өнеркәсібі еліміздің оңтүстік аймағында орналасқаны белгілі. Мақтаны тазалайтын зауыттар да сол өңірде орналасқан. Жыл сайын мақта өсірушілер көптеген проблемаға ұшырайды. Мақта жинауды қамтамасыз ететін жұмыс күші мен техниканың аздығына қарамастан, өнімді егіс даласына қалдырмауға барын салады. Өндіріс орындарына жеткізілетін мақта шикізат көзіне айналуы үшін қыруар өнімді қажет етеді. Жыл бойы жиналған өнімнің өзі елімізді мақта-матамен қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

Мақтадан мата тоқитын фабрика Алматы, Қостанай және Семей қаласында бар. Соның ішінде тоқыма өнеркәсібі Алматы қаласында жолға қойылған. Мақ­та­ға қарағанда елімізде жүн өнеркәсібі баяу дамыған. Ал тері өңдеу аса күрделі өндіріс. Алматы облысындағы, Петропавл қаласындағы зауыттар тері өңдеудің орталығы саналады. Аяқ киім фабрикалары Қостанайда, Алматыда, Таразда, Ақтауда жұмыс істейді.

Сонымен қатар жеңіл өнер­кәсіптің ең кең тараған түрі – тігін өнеркәсібі. Тұтынушы бар кезде саланың дамуы да қарқынды. Өнімді шағын шебер­ханалардан бөлек Шым­кенттегі «Восход» фаб­рикасы да жеңіл өнер­кәсіпті дамытуға үлес қосатын ірі өн­діріс орны.

Елдің барлық аума­ғында тігін өнеркәсібін жандандырған, оны кәсіп түріне, табысқа айнал­дырған­дар аз емес. Мәселен, біздің ауданда шағын цех ашып, күнделікті тұрғындарға тігін қызметін ұсынып отырған шеберханалар бар. Бір ғана Тереңөзек кентінде 12 шағын цех жұмыс істейді. Олар көбіне киімді қайта қалпына келтірумен айналысады, көйлек тіге­тін­дер де бар. Бар­­лығы тұ­тыну­шының сұра­нысы мен тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Ауданның елді-мекендерінде де шағын тігін шеберханалар ауыл халқына қызмет көрсетеді. Цех жұмысын жүргізушілердің көбі мемлекеттен қай­тарымсыз грант алған. Бұл цехтарды өндіріс орындары деп айтуға болмайды. Себебі шағын шеберханалар тұтас ауылды киім-кешекпен қамтамасыз етпейді.

Шетелден келетін тауар нарықты жаулап алды

Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп өнді­рісінің көлемі жыл са­йын өс­кені­мен, Қы­тай, Түркия, Ресей, Қыр­ғыстаннан келе­тін киім-кешекті ха­лық­тың 85 пайызы тұтынады. Мәсе­лен, жаңа оқу жы­лы қар­саңын­да қа­зақ­стан­дық алып-сатарлар құны бірнеше миллиард­таған теңгені құрай­тын мектеп формасын сырттан сатып алады. Базардағы, дүкендегі сатылымға шығарылған форма­ның 7 пайызы ғана отандық өнім. Бұл ретте импорттың ықпалы зор екені айқын көрініп тұр. Аяқ киімнің өзі шетелден келетіндіктен, миллиондаған доллар шетелге кетіп жатыр. Яғни қазақстан­дық тігіншілер қажеттіліктің 10 пайызын ғана өтеп отыр. Бұл көрсеткішті салыстырмалы түрде қара­сақ, көрші қырғыз елінде жалпы ішкі өнімнің үлесі 30 пайыз екен. Озық технология­сы дамыған Жапония мен Корея жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы ішкі нарықтағы үлесін 80 пайызға жеткізген.

Шын мәнінде елімізге тауардың басым көпшілігі сырттан тасымалданады. Бұған төрт түлік малдың терісі мен жүнін игеруде сұраныстың жоқтығы себеп болуда. Ал Ресей мен Қытайдың алыпсатарлары шикізатты шетелге асыруда. Негізінен жүн шикізат ретінде бағаланбайды. Елімізде шикізатты өңдейтін фабрика болмағандықтан шикі күйінде шикізат шетелге кетуде. Ал өңделген шикізат елімізге бірнеше еселенген бағамен қайта келіп, оны қазақстандық өндіріс орындары сатып алуда. Бұл ретте отандық кәсіпкерлер шикізат өндірісіне бара бермейтінін айтуымыз керек. Өнеркәсіп саласындағы жұмыс аз уақытта пайда әкелмейтіндіктен, онымен айналысуға құлықсыздық танытады. Яғни мақта өсіріп, теріні өңдеу, киім, аяқ киім тігу ұзақ уақытты қажет еткендіктен уақытты жоғалту, қаржы көзін жоғалтумен пара-пар.

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындар жоқ емес бар, бірақта бұл кәсіпорындардың көбісі шетелден келетін тауарлар­дың тасасында қалып қоюда. Негізгі кедергілер айналмалы қаражаттың жетіспеушілігінен, кәсіпорын­дарға белгілі шикізаттың азды­ғынан, өндірісте қажетті құрал-жабдық­тардың тозуынан, сондай-ақ білікті маман­дардың жетіспеушілігінен орын алуда.

Маман тапшылығы өндірісті тежеуде

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін, әсіресе кәсібін жаңадан бастағандарға бағыт-бағдар беру қажет. Сондай-ақ осы саланы қолға алатындарға жеңілдіктер қарастыру да оң бағыт алуына септігін тигізеді. Соның негізгісі кәсіби даярлаудан қайта өту, оқыту, мамандар даярлау. Қазір жеңіл өнеркәсіпте жұмыс атқаратын адамдардың дені – аға буын, зейнет жасына таяғандар. Бұл мамандыққа қызығушылық танытқан жастардың үлесі жоқ. Тоқыма тоқу, сапалы киім тігу, аяқ киім тігу, мата жасап шығару, жүн жуумен айналысу, тағы сол секілді өндіріс орындарында жұмыс істейтін мамандардың болмауы, жеңіл өнеркәсіптің дамуын тежейді.

Бұл жерде мамандықтың сұранысқа ие екендігін жастарға ұғындыру маңызды. Бүгінгі күннің жастары, ертеңгі елдің болашағы екені барлығымызға аян. Жоғары оқу орындарындағы мамандықтар қатарына жоғарыда атап өткен мамандықтарды енгізсек, саланың оң бағыт алуы, ел экономикасы мен әлеуеті едәуір артар еді. Шын мәнінде Қазақстанда жеңіл өнеркәсібін дамытатын мамандықтарға оқытатын оқу орындары саусақпен санарлықтай. Жастардың алдында оқып үйрену мақсаты болмайынша, аталған салада даму болмайды.

– Еліміз бойынша колледждерде ғана тігіншілерді дайындайды. Сырдария ауданында жалғыз оқу орны біздің колледжде. Осы салада еңбек еткеніме 30 жылға жуықтады. Өндіріс орны болмағандықтан, бұл мамандыққа оқуды қалайтындар да аз. Негізінен кәсіп көзі болып табылатын тігіншілік қызметі қай кезде де қажет. Бір үйде бір тігінші болмаса, киім-кешегіңнің жыртылған жерін кім тігеді? Одан бөлек қазір қолөнершілердің қызметі жоғары бағаланады. Ал тоқыма тоқу, кесте тоқу – нағыз өнер. Жеңіл өнеркәсіп біздің елде шын мәнінде дамымаған. Біз білетін Алматыдағы, Шымкенттегі ірі фабрикалар халықты киім-кешекпен толық қамтамасыз етіп отырған жоқ. Көбіне шетелдік киімге сұраныс көп. Отандық өнімдер сапалы болғандықтан оның бағасы сырттан келетін киімнен де жоғары болуы мүмкін. Негізінен сұраныс болған жерде өндіріс те дамиды, – дейді Сырдария аграрлық-техникалық колледжінің шебері Алтын Қожақова.

«Жеңіл өнеркәсіпті дамытуды тежейтін тағы бір мәселе өндіріспен айналысатындарды қандай да бір салық түрінен босату қажет» дейді маман. Сондай-ақ несиелендіруді оңтайландыру өндіріс орындарының көптеп ашылуына, жаңадан кәсібін бастаған жеңіл өнеркәсіпорындарына төмен пайыз­бен несиелендіруді іске асыру мүмкіндігі берілуі керектігін айтады. Мұндай мүмкіндіктер жеңіл өнеркәсібі дамыған Моңғолия, Қытай мемлекетінде бар. Өндіріс орындарын дамытқан осы елдерде кәсіпорындарды салықтан түгел босатқан.

Өз өнімімізге сұраныс неге аз?

Сұраныстың аз болуының басты себебі – баға­ның қолжетімсіздігі. Яғни баға өте қымбат, ал егер қымбат ұстамаса өндіретін өнеркәсіптер өзінің шығынын өтей алмайды. Сондай-ақ тауардың сапасында. Әрине Қытайдан, Қырғызстаннан келетін тауарларға қарағанда отандық өнімнің сапасы жоғары болғанымен, халықтан өз өнімімізге сұраныс аз. Тұтынушы бағасы арзанға көбірек жүгінеді. Негізінен Қазақстанда өндірілетін тауарлардың көбісі шетелден келетін тауарлардың көлеңкесінде қалып қояды. Сондықтан да сырттан келетін тауарларға қоятын салық көлемін жоғарылатса, шетелден келетін тауар саны да азаяды. Екінші жағынан халық бір қадам болса да отандық өнімге ұмтылатын болады. Осы мәселелер қолға алынып оңтайлы шешім қабылданса, жеңіл өнеркәсіптің тасы өрге домалары анық.

Әрбір мемлекеттің алдында көптеген стра­тегиялық мақсат болады. Соның ішінде жеңіл өнер­кәсіпті дамыту ішкі нарықты реттейтін бірден-бір құрал. Сол себепті де еліміздің алдында алдағы жылдар ішінде отандық өніммен қамтамасыз ету мақсаты тұр.

– Жыл сайын Өзбекстанға іссапарға, демалысқа барамыз. Биыл Ташкентте болдық. Миллиондаған халқы бар қалада өндіріс орындары өте көп. Өз өнімін ғана тұтынатын мемлекетте жеңіл өнеркәсіптің дамуы әлдеқайда жоғары. Отандық өнімдерінің бағасы да қолжетімді, арзан. Сырттан келіп сауда жасайтындарға шектеу жоқ. Қанша алып кетсең де болады. Барлығы таза мақтадан жасалған киім-кешектің өндірісі бастан-аяқ өз елінде жасалады, – дейді аудан тұрғыны Айгүл Жомартқызы.

Иә, қазіргі кезде жоғары сапалы бұйымдарды шығару үшін тек озық технологияны қолданып қана қоймай, тұтынушылар сұранысын да ескеру қажет. Қазіргі өркендеу кезеңінде тігін бұйымдарының сапасы қолданылған техника және технология негіздеріне, өндірісті ұйымдастыру деңгейі мен механикаландыру дәрежесіне тікелей байланыс­ты. Тігін өндірісінде шығарылатын өнім түрі мен бұйым сән өнері мен бағытына негізделіп, жаңа материалдардың түрі кеңінен қолданылады. Мамандар бұйымды өндіруде жаңа материалды өңдеу технологиясын және қолданылатын әр алуан құрал-жабдықтарды меңгеруі өз өнімімізге сұранысты арттырары сөзсіз.

Аудан халқын киіммен қамтамасыз еткен комбинат

Тігін өнеркәсібінің басты мақсаты – халықтың мұқтаждықтарын қанағат­тандыруда жоғарғы сапалы киімдер дайындау. Бұл мақсат бұрындары да болған. Бала кезімізде үлкендер киім-кешегін аудан орталығындағы Тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына барып тіктіріп киген. Отандық өнімге деген сұраныстың жоғары болуына сол кездегі адамдардың комбинатқа барып сырт киімнен бас­тап, көйлек-көншікті, шалбарды, тіпті бас киімді тігіншілерге тіктіріп кигені дәлел болады. Кент орталығындағы еңселі ғимараттың ішінде тұрмысқа қажетті көптеген сұраныс небір шеберлердің қолынан шығатын. Шаштараз, сағат жөндеу, аяқ-киім жөндеу цехы, кілем тоқу, фотоға түсетін салон, тіпті ыдыс-аяқты жалға алатын орын барлығы осы комбинатта орналасты. Ауданның тұрғындарын тігін бұйымдарымен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз еткен комбинат күні-түні жұмыс істеді.

– Аудандағы Тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында комбинат жабылғанша жұмыс істедім. Үлкен өндіріс орнына үйренуші болып кіріп, небір шеберлерден киім тігуді үйреніп, қазіргі кезде зейнетке шықсам да тігіннен қол үзбедім. Өндіріс орнында ауысыммен жұмыс істеп, халыққа қажетті барлық киім түрлерін тіктік. Дайын өнімдерді елді-мекен аралап, сатылымға шығардық. Тігіншілердің алдында жоспар болды. Жоспарды асыра орындағандар жеңімпаз болып, талай мәрте басшылықтан марапат алды. Комбинаттың артықшылығы жас қыздардың, келіншектердің жұмыс үй­ренуіне әрі табыс табуына мүмкіндік бергендігінде. Бір-бір үйдің әйелі тігін тігуді білуі керек. Тұрмыстағы келіншектің қолынан тігін тігу келсе, қандай керемет. Комбинат бір жағынан оқуға түсе алмаған қыз балаларға жұмыс орны болған үлкен мекеме болды. Жеңіл өнеркәсіптің өндіріс орнына айналған кәсіпорынның жұмысы қайта жанданатын болса, қаншама адамға жұмыс орны болар еді, – дейді бұрынғы тігінші Зейнекүл Тапатқызы.

Тігін өндірісі ғана емес, басқа да тұрмысқа қажетті өтейтін комбинатта көптеген адам жұмыс істеді. Тіпті тұрмысқа қажетті техника жөндейтін орын да осы жерде орналасты. Қазір жеке кәсіпкерлікке ден қойған шеберлер мұндай орталыққа шоғарланбағандықтан, аудан халқы облыс орталығына барып, бұзылған техникасын жөндетеді. Сондықтан бұрынғыны қайта жаң­ғыр­тып, кәсіпкерлер осы қыз­метті қолға қай­та алса, халық­­тың мұқтажын өтеп, одан түсетін қаржы да өз қазынамызды толық­­тырады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: tengemonitor.kazgazeta.kz
08 маусым 2024 ж. 145 0