Сыр елінде Секен Тұрысбековтің шығармашылық кеші өтті

Шығармашылық кешті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, аймақтың өнерсүйер жұртшылығы тамашалады.
Концерт «Ақ жауын» камералық оркестрінің орындауында Секен Тұрысбековтің «Ұлы дала» шығармасымен ашылды. Аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, оркестр ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
«Қазақтың күй өнері – халқымыздың рухани болмысы мен мәдениетінің биік тұғыры, сарқылмас асыл қазынасы. Қос ішекті домбыраны кие тұтып, шанағынан небір туындыны төгілдірген кешегі Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Динадан жеткен қастерлі ұлт мұрасын жалғаушы Секен Тұрысбеков – ерекше дарын иесі. Секен Кәрімұлының «Көңіл толқыны», «Балауса», «Дарабоз», «Ақ жауын», «Тарбағатай», «Аққу сазы», «Ерке құсым», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз» секілді ән-күйлері халықтың жүрегінен орын тауып, ұлт руханиятын кемелдендіре түсті. Еліміздің дарынды перзенті Секен ағамыздың шалқар шабытынан туған шығармалары бойға рух беріп, жүректі тербейді. Дарын иесінің күйшілік өнері жеке орындаушылықтан асып, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестріне ұласты.
Бұл – талмай еңбек етудің, ұзақ жылғы ізденістің, қабілетті жастарды маңына жинап, ерінбей үйретудің нәтижесінде жүзеге асқан абыройлы іс. Күй – өміршең өнердің бірегейі. Бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізген төл мұрасын кеңінен насихаттауда, бүгінгі буынның санасына сіңіруде «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің еңбегі зор.
Бүгінге дейін әлемнің бірқатар елдерінің үздік сахналарын әсем сазбен тербеп, қазақ өнерін асқақтатқан оркестр ұжымының еңбегі қашанда құрметке лайық», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кеште Құрманғазының «Ақсақ киік», «Қайран, шешем», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Боорлаштарым», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» күйлері орындалды. Жүректің нәзік қылын шертетін күші бар, тыңдаушысын ой мен сезім тұңғиығына тартатын туындыларды тыңдауға келген көрерменнің қошеметі ерекше болды.
Шығармашылық кеште өнер көрсеткен Секен Кәрімұлына және барша таланттарға облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі