Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сұлу сырдан – ару Алматыға

Сұлу сырдан – ару Алматыға

Алматыдағы Республика сарайында Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндері аясында Сыр өңірі өнер шеберлерінің «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты гала-концерті өтті. Мәдени іс-шараны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, Алатау бөктеріндегі ару қаланың өнерсүйер жұртшылығы тамашалады. Бұл – қызылордалық өнерпаздардың Республика сарайындағы тұңғыш концерті.

Мәдени іс-шараның ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруге облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тиісті салалық басқарма басшылары мен жауапты мамандар апта бұрын Алматы қаласына барды. Ауданнан аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Ешниязов, аудандық мәслихат депутаты, Қоғалыкөл ауылдық клубының меңгерушісі Д.Ибадуллаева, Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Г.Қалдыбаева барды.

– Ән-жырдың ту тіккен ордасынан жеткен өнер майталмандары еліміздің басты сахналарының бірінде өтетін концертке тыңғылықты дайындықпен қатысты. Алматылық талғампаз көрерменнің назарына ұсынылатын әр нөмірге жете мән берілді. Сахна шымылдығы ашылғанда орындалған «Отан-ана», «Сыр елім», «Сырдың Қараторғайы» әндері тыңдаушысын баурап алды, – дейді Алматыдан зор шабытпен оралған Динара Дүйсенбекқызы.

Ал әріптесінің пікірін қуаттай түскен Гүлайна Қалдыбаева жерлесіміз, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғани Құлжановтың, театр әртісі Нұрдәулет Баймаханның туған жер тақырыбындағы монологы әрбір адамның кіндік қаны тамған топыраққа деген сағынышын оятқанын айтады.

– Бейнебаян арқылы Сыр бойының тарихы мен бүгіні, Қызылорданың жаңарған келбеті айшықталды. Қасиетті жерден түлеп ұшып, қазақ өнеріне қызмет еткен Т.Жүргенов, Р.Бағланова, Ә.Нұрпейісов, Қ.Қожықов, Н.Бекежанов, С.Майқанова, К.Дүйсекеев, М.Ерәлиева, Б.Шөкеновтің жарқын бейнелері жұрт жадында жаңғырып өтті. Сыр бойының бойтұмарындай болған жыраулық, жыршылық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұралары кез келген өнер мерекесінің сән-салтанатын аша түседі. Концертте де дәстүрлі өнер шеберлерінің шеруін күткендер Тұрмағамбеттің «Тәлімін», Нұртуғанның «Жырауларға өсиетін», Нартайдың жыр бастауын, З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін», Сәрсенбай жыраудың термесін Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұловтың орындауында тыңдап, бір серпілді. Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айтты, – дейді Гүлайна Нартайқызы.

Концертте оркестрдің сүйемелдеуімен белгілі күйші М.Сыдықовтың «Батыр баба» күйі, халық әндері орындалды. «Мәңгілік мұра» этномузыкалық композициясы, әлемдік классикалық музыкадан топтама, Алматы туралы әсем әндер шырқалды. Баян, рояльмен орындалған туындылар, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлерінің сүйемелдеуі, «Томирис» би ансамблінің сахнаны көркемдеуі өнер мерекесінің өрнегін әсемдей түсті. Елімізге белгілі ақын, композитор Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнімен қорытындыланған концерт Алматы аспанын әсем әнмен әлдилеп, көрермен қауымды саф өнермен тербеді. Республика сарайына жиналған жұртшылық Сыр өнерпаздарына көрермен қауым қошеметін аямады. Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндері аясында Құрманғазы оркестрінің концерттік залында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Жыр – қазына, күй – күмбез» атты концерті өтті. Оркестр халық әндері және Қазақстан композиторларының туындыларын, классикалық шығармаларды ұсынды. Концертте Сыр сүлейлерінің жыр-термелері шеру тартып, ақындар өлең оқыды. Қорқыт бабадан бері үзілмеген қобыз сарыны тың­дарман жүрегіне жол тапты. Осылайша, Алматы жұртшылығы Сыр өнерпаздарына ризашылықпен қоше­мет көрсетті.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
24 қыркүйек 2024 ж. 251 0