Мәдениет пен өнер – жұтамас байлық

Аудан басшысы мәдениет үйіне жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, сала жетістіктерін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі» деп атап көрсетті. Мәдениет – ұлт мәнері болса, өнер – халықтың қазынасы. Сыр елінің мәдениеті мен өнерін өрістету, руханиятын жаңғырту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынып, ұлттық құндылықтарымыздың берекелі ордасына айналуда. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығы салынып, ел игілігіне берілді. Жақында облыс орталығында бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы өз жұмысын бастады. «Саутс ойл» компаниясының демеушілігімен мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты бой көтеруде. Құны 2 млрд 300 млн теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда. Аталған нысандар жақын күндері ел игілігіне табысталады. Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында құны 3 млрд 800 млн теңгені құрайтын жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде. Дана Абай «Өнерге әркімнің де бар таласы...» дегендей, ауданда сала жұмысына көрсетіліп жатқан үлкен қолдаулардың нәтижесінде мәдениет майталмандарынан құрылған өнер ұжымдары Сыр жұртшылығына танылуда. Өткен жылы өнерді жанына серік еткен ардагерлерімізден «Ұлағат» әкелер ансамблі және мәдениет саласы ардагерлерінен «Алтын қазына» ансамблі жаңадан құрылып, өнерлерімен құрметке бөленуде. 50 жылдан аса тарихы бар «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі, «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамбльдері шығармашылық жолдарын жандандыруда. «Балауса» халықтық би ансамблі жақында Алматы қаласында өткен халықаралық өнер конкурсында бас жүлде иеленіп, Баку қаласына жолдама алды. Ұлт алдында ұлы істерге тағдырын арнаған мәдениет және өнер қызметкерлеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Әр уақытта мәдениетіміздің мәртебесі жоғары болып, рухы өр халықтың руханиятына қосар үлестеріңіз еселене берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Салтанатты жиында ауданның мәдениеті мен өнеріне еңбек сіңірген азаматтарға «Мәдениет жанашыры» төсбелгісі табысталған еді. Олардың қатарында талай жыл мәдениет саласында қажырлы еңбегімен танылған сала ардагерлерінің болуы – заңдылық. Өз кезегінде сала мамандары мен ардагерлері облыс әкімінің, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, сый-құрметке бөленді.
Сахна тарландары әуелете ән шырқағанда тыңдарман қауым ерекше тебірене түсті. Өмір бойы бір салада еңбек етіп, жұбы жазылмаған мәдениет майталмандары халық әндерінен попурри шырқаса, театр өнерінің хас шеберлері хәкім Абайдың, Сәбира Майханованың, Қалтай Мұхамеджановтың рөлін сәтті орындап шықты. «Құрақтың Досжаны» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі шығармашылығымен, салт-дәстүрлер, ұлттық тағам және кітаптар көрмесімен танысқан көпшілік саладағы серпінді жұмысқа жоғары баға берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ