Кептеліс жол қозғалысын тежейді

Статистикалық мәліметке сүйенсек, осы жылдың сәуір айында 184,7 мың бірлік автокөлік есепке қойылған. Оның ішінде, жеңіл автокөлік, жүк көлігі, автобус, мотокөлік бар. Шын мәнінде, көптеген адам өміріне зиян келтіретін жол-көлік оқиғасы кептеліс салдарынан да орын алуы мүмкін. Ірі мегаполисте кездесетін кептелістің туындауынан адамдардың жұмыс барысында да біршама кедергі кездеседі. Көбіне білім ошағы мен балабақшаның алдында жол-көлік оқиғасын болдырмаудың жолы қарастырылады. Негізінен, аудандық полиция бөлімі тарапынан жедел-профилактикалық іс-шара жүргізілгенімен, жол апатынан қаза тапқан жандар қаншама.
Әлем елдерінде жол апатын тудыратын кептелісті болдырмауға қатысты бірнеше тәжірибе қолданысқа енгізілген. Мәселен, халықтың жеке көліктен бас тартуға ынталандыратын метро, трамвай, автобус секілді қоғамдық көлік жұмысының сапасын арттырады. Ұлыбритания мен Сингапурда көлік санын азайтуға бағытталған ақылы жолдар қарастырылған. Смарт-технологияның арқасында жол қозғалысын бақылап, бағдаршамды автоматты түрде реттейтін заманауи жүйе енгізілген. Арнайы GPS, жол жүру қосымшалары кептелісі көп жерді айналып өту бағдарламасын ұсынады. Бұл ретте жол инфрақұрылымын дамыту – маңызды рөл ойнайды. Жаңа жолдың сапасын жақсарту, көпір және тоннель салу жұмысы еш уақытта тоқтамайды. Бірнеше мемлекет халқы велосипедпен жүрудің арнайы ережесін бекітіп, жеңіл көліктен бас тартқан. Кейбір елде жұмыс уақытын ұтымды ұйымдастырып, қашықтан мекемемен байланыс орнатуды жолға қойған.
Елімізде осы бағыт бойынша бірнеше кешенді іс-шара қабылданған. Кептелістің кесірінен жол ережесін бұзған жағдайда адамдар «Сергек» жүйесіне ілігеді. «CityBus», «Aqkol Bus», «Almaty Bus» сияқты қосымшалар қоғамдық көлік қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Google Maps, 2GIS арқылы кептеліс жағдайын көруге мүмкіндік зор.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Н.Нұржаубай