Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық құндылығы жоғары жәдігер

Ғасырлық құндылығы жоғары жәдігер

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде бір ғасырлық тарихы бар ерекше құнды жәдігер сақталған. Жергілікті халықтың қызығушылығын оятқан жәдігердің бірі – ағаш кереует. Оны Қалжан ахун ауылының тұрғыны Құлшық Досбалаұлы тұтынған. Құнды жәдігерді әкесі Досбала ұлы үшін ерекше етіп жасап шығарған. Қарашаңырақта 80 жылдан астам уақыт бойы өзінің құндылығын жоғалтпаған керует қайта жаңғыртудан өткен.

Бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейіне Бақытжан Досболаев мен Ақжарқынның тапсырған ағаш төсектің тарихы тереңде жатыр. Осы күні тарихи жәдігердің жаңа сипаты керемет көз қызығарлық екені даусыз. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Зияда Шерімбетова ағаш төсек жайында бізге мәлімет берді.

– Ағаш төсектің қалыңдығы – 7 см болатын тұтас жалпақ қайың тақтайынан, биіктігі 82 см төрт аяғы, тік бастары сәл шалқақтай және сол аяқтарды бекітетін белдік ағаштар мұқият сүргіленіп өңделген. Төсекағаш ұзындығы – 195 см, ені – 92 см орта белағаштың биіктігі – 45 см етіп орындалып, алдыңғы қас беті өрнекке жапырақты қосып өрнектей отырып, белгілі өлшемде диаметрі – 45 мм дөңгелек айнамен көркемделген. Оюлар терең ойылмаған, алдыңғы екі қас бетіндегі бастарының жоғарғы жағы диаметрі – 11 см етіп дөңгелектене орындалып, ішкі жағы қырлы дөңестеле шабылып орындалған. Қас бетінде шеңберлерге бастапқыда айна орнатылып жиегін жұқа етіп тілінген қайыспен қоршап, айналасын жапырақ секілді шашақтар көмкеріп тұрғаны көрген жанға күн бейнесін елестетеді. Жиһаздың аса іскерлік пен қыруар еңбекпен, шынайы талғаммен жасалғаны көрініп тұр, – дейді білікті маман.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
Фото: Ашық дереккөзден

17 мамыр 2025 ж. 101 0