Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайта жаңғырған төсек ағаш

Қайта жаңғырған төсек ағаш

Қазақ халқының өмір жолы көшпенділік, жартылай көшпенділік және отырықшылық жағдайда өтті. Осыған орай, олардың күнделікті тұрмыста пайдаланған ағаштан жасалатын үй іші жиһаздары мен ыдыс-аяқтары да көші-қонға немесе отырықшылыққа бейімделіп жасалады.

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында тұрмыстық бұйымдардан сандық, кебеже, төсек ағаш секілді үй іші жиһаздары және т.б. жәдігерлер бар. Соның ішінде құнды жәдігерлердің бірі – ағаш кереует.


Ағаш кереует ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ арасында кең тараған ағаштан жасалатын жиһаздардың бірі. Оның адам ағзасына пайдалы әсері мол екенін кезінде аталарымыз тіршілік қамымен ұзақ уақыт ат үстінде шаршап келгенде, төсек ағашқа басын кеудеден жоғары, аяғын сәл жоғары қойып демалғанда, бойдағы қан айналымы жақсарып, бойы сергіп, шаршағаны басылып өзін жақсы сезінген.

Ел арасында «төсек ағаш», «төсағаш», «кереует», ал кейбір көркемдік ерекшеліктеріне қарай «сырлы төсек», «күмістелген төсек», «сүйектелген төсек», «оюлы төсек» деп аталады. Бетіне салынған ою-өрнек әртүрлі болғанымен, бәрінің сыртқы пішіні ұқсас. Қайқылау келген екі басы жатуға ыңғайлы жалпақ арқалығымен бірге бөлек дайындалып, төрт аяғы сүйек, күміс, әртүрлі тас­тар, көксауыр былғары, қызғылт, күрең, сары, жасыл, қоңыр бояулармен өте әсем көркемделетін екі бетімен тұтасады. Қақ ағаштың түзу тақтайларынан құрастырылады.

Ағаш төсек пішіні ұсталардың шеберлігіне, көркемдік талғамына, қолданылатын құрама материалдарына қарай түрліше жасалуы мүмкін. Ағаш төсекке кейде cәндеп көрпе-төсек те жиналады. Ал аса шебер ұсталар ағаштан жасалатын үй бұйымдарының бетіне ою ойып, түрлі-түсті бояулармен өрнек салып, әсемдеумен бірге сүйекпен, әртүрлі металдармен, түрлі-түсті тастармен, шынылармен көркемдей білген.

Осындай тұрмыстық бұйым біздің өңірде сирек кездеседі. Қалжан ахун ауылының тұрғындары Досбалаев Бақытжан мен Ақжарқынның айтуынша, бұл кереуетті аталары Досбала шебер уақытында ұлы Құлшыққа шамамен ХХ ғасырдың 30-жылдары арнап соққан. Ағаш кереует Досбалаевтар әулетінде 80 жылдан астам уақыт өзінің көркемдігімен талай жанды тамсандырған. Осы атадан қалған мұраны көзінің қарашығындай сақтап, енді бұл мұра халық игілігіне ассын деген оймен аудандық музей қорына өткізілген еді.

Ағаш төсектің қалыңдығы 7 см болатын тұтас жалпақ қайың тақтайынан биіктігі 82 см төрт аяғы, тік бастары сәл шалқақтай және сол аяқтарды бекітетін белдік ағаштар мұқият сүргіленіп өңделген. Төсек ағаш ұзындығы – 195 см, ені – 92 см орта белағаштың биіктігі – 45 см етіп орындалып, алдыңғы қас беті өрнекке жапырақты қосып өрнектей отырып, белгілі өлшемде диаметрі – 45 мм дөңгелек айнамен көркемделген. Оюлар терең ойылмаған, алдыңғы екі қас бетіндегі бастарының жоғарғы жағы диаметрі – 11 см етіп дөңгелектене орындалып, ішкі жағы қырлы дөңестеле шабылып орындалған. Қас бетінде шеңберлерге бастапқыда айна орнатылып жиегін жұқа етіп тілінген қайыспен қоршап, айналасын жапырақ секілді шашақ­тар көмкеріп тұрғаны көрген жанға күн бей­несін елестетеді. Жиһаздың аса іскерлікпен, қыруар еңбекпен, шынайы талғаммен жасал­ғаны көрініп тұр.

Ағаш кереуеттің реставрацияға дейінгі көрінісі

Алайда, ағаш төсек тозыңқырап, тақтай­шалары алынып, оюлардың арасында дөңгелек айналары түсіп, тек орны қалған еді. Тозығы жеткен кереуетке реставрация жұмыс­тары қажет болған. Реставрация – ескірген, тозған, бастапқы сынын жоғалтқан архитектура ескерткіштерді, материалдық мәдениет мұраларын алғашқы өңіне келтіру, жаңартып, жөндеу. Аталған ағаш кереуетке үстіміздегі жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан реставрация жұмыстары қолға алынып, қайта жаңғырды. Нәтижесінде, өсімдік жапырағына ұқсас өрнектері жасыл түсті қынамен боялып, 45 мм дөңгелек айналары қойылды және бетіндегі тақтайшалары ретімен бекітілді. Бұл көркемдеу ағаш төсек бетіне жарасымды рең берген.

Ағаш кереует реставрациядан кейін

Адамзат тарихының күретамыры – мәде­ниет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекеті. Ол материалдық құндылықтарды дүниеге әкелді. Осы материалдық құндылықтарды сақтап, екінші дем беріп қайта жаңғырту арқылы өмірін ұзартуға болады. Аталарымыздың табиғат­­пен үндесе отырып, шеберлікпен орын­даған дүниелері бүгінгі ұрпаққа құн жет­пес бағалы мұра. Музей қорында осындай асыл дүниелеріміздің қасиеті мен қадірін насихаттап, келер ұрпаққа жеткізу негізгі мақсатымыз.

Зияда ШЕРІМБЕТОВА,
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
29 қазан 2024 ж. 190 0