Жерлестері есімін айшықтай түсті

Аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, республикалық турнирдің маңыздылығына тоқталып өтті.
– Спорт саласының дамуына, оның ішінде елімізде көгалдағы хоккейдің өсуіне өзіндік үлес қосқан азаматқа арнап турнир өткізу ауданда дәстүрге айналды. Сұлтанбек Ибрагимұлы көгалдағы хоккей спортымен айналысып, 1982 жылы Алматының «Динамо» командасының сапында Кеңес Одағының чемпионы және Одақтың кубок жеңімпазы атанды. Одан кейін көгалдағы хоккейден шәкірт тәрбиелеумен айналысып, Қызылорда облысының ерлер және әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Бүгінде КСРО спорт шеберінің тәрбиесін көрген шәкірттері ардақты азаматтың жолын жалғап, көгалдағы хоккейдің дамуына үлес қосып келеді. Халықаралық жарыстарда білікті жаттықтырушы тәрбиелеген спортшылар сан мәрте жарқын жетістіктерге жетті. Сондықтан Сұлтанбек Қобландиннің мемлекетіміздің, оның ішінде Сыр өңірі спортының өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын көпшілік жақсы біледі. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлық санаған. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Ауданда спорт саласын дамыту бағытында ғимараттар жаңартылып, барлық жағдай жасалып келеді. Бүгін республикалық турнирде спортшылар өз шеберліктерін ортаға салып, жақсы өнер көрсетеді деп сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов және Сұлтанбек Қобландиннің туыстары атынан апасы Бибімария Маханова сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Айта кету керек, жарысқа еліміздің түпкір-түпкірінен 11 командадан 150-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады. Бұл ретте, бірнеше күнге созылған жарыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Қыздар арасында ІІІ орынды Жетісу облысы, ІІ орынды «Қайсар» спорт клубы, І орынды Жамбыл облысы жеңіп алса, ерлер арасында ІІІ орынды Жетісу облысы, ІІ орынды Жамбыл облысы, І орынды Алматы қаласы еншіледі.
Спортшыларды марапаттау рәсіміне «Қайсар» спорт клубының директорының міндетін атқарушы Азамат Сатыбалдиев, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, ардақты азаматтың ағайын-туысы, шәкірттері қатысып, спортшыларға құрмет көрсетті.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ