Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық турнир жеңімпаздары марапатталды

Республикалық турнир жеңімпаздары марапатталды

ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Қобландинді еске алуға арналған республикалық турнир өз мәресіне жетіп, бүгін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау іс-шарасы ұйымдастырылды.

Марапаттау салтанатына «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы қатысып, жарысқа қатысушы спортшыларды турнирдің аяқталуымен құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медаль, дипломдар табыстады.

– Спорт саласының дамуына, оның ішінде елімізде көгалдағы хоккей спортының қалыптасуы мен өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азаматқа арнап турнир өткізу ауданда дәстүрге айналды. Сұлтанбек Ибрагимұлы сонау 1982 жылы Алматының «Динамо» командасының сапында Кеңес Одағының чемпионы және Одақтың кубок жеңімпазы атанған азамат. Көгалдағы хоккейден шәкірт тәрбиелеумен айналысқан білікті бапкер Қызылорда облысының ерлер және әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Бүгінде КСРО спорт шеберінің тәрбиесін көрген шәкірттері ардақты азаматтың жолын жалғап, көгалдағы хоккейдің дамуына үлес қосып келеді. Республикалық турнирге қатысып, спорт бәсекесінде жеңіс тұғырынан көрінген баршаңызға алғыс айтамын. Сіздерге Сыр спортының сұлтаны атанған Сұлтанбек ағамыздың жолын, абыройын, жетістіктерін берсін. Ардақты азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын – деді Ақтөре Ибрагимұлы.

Еліміздің түпкір-түпкірінен 11 команда 150-ге жуық спортшы қатысқан турнирдің қыздар арасында «Үздік қорғаушы» номинациясымен Тілекеш Айару, «Үздік қақпашы» номинациясымен Таласова Ақниет, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Зетова Виктория марапатталды. Жүлделі І орынды Жамбыл облысының құрамасы иеленсе, ІІ орын «Қайсар» спорт клубының спортшыларына бұйырды. Ал ІІІ орын Жетісу облысы құрамасына берілді.

Ұлдар арасында «Үздік қорғаушы» номинациясымен Есенкелді Мақсат, «Үздік қақпашы» номинациясымен Тұрсынбай Дарын, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Қасымов Бекзат, «Үздік ойыншы» номинациясымен Кисетов Нұрзат марапатталды. І орын Алматы қаласының спортшыларына, ІІ орын Жамбыл облысының құрамасына, ІІІ орын Жетісу облысының сайыпқырандарына берілді.

11 мамыр 2025 ж. 76 0