Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Айбынды сержант

Айбынды сержант

Әскери қызмет – Отанға қызмет. Айбынды әскер қатарында қызмет ететін сырдариялық Көбейсін Сүлейменов Отанды қорғауды парыз санайды. «Міндет. Абырой. Ерлік». Бұл ұғым кеудесін патриоттық сезім кернейтін Көбейсін үшін ел мен жердің қорғаны болумен тең. Абыройлы міндетін қасиетті парыз санайтын азаматтың ұраны – Отан­ды қорғау, ел басына күн туғанда ерлік көрсету, елді, жерді қорғауға тас түйін дайын болу.

Әскері айбарлы, қуатты мемле­кеттің ғана Тәуелсіздігіне, бірлігіне сызат түспейді, бекем бола­ды. Қазір­гідей әлемді сан алуан қақ­тығыстар мен тұрақсыздық жай­лағанда оның салқыны біздің елге де әсер етуі мүмкін. Сондайда еліміздің әскері, сар­баздары ел қорғаны мен қалқаны болуы міндетті. Ол үшін әрбір кәмелеттік жасқа толған ер азамат әскер қатарында болып, ұрыс қи­мылдарына жаттығып, меңгеруі тиіс. Қолына қару алып, елдің тыныштығын қорғауға, төзімділікке, қырағылыққа төселуі қажет. Көбейсін Музарапұлы Отан алдындағы борышын өтеген соң, әскери саланы таңдап, қазіргі кезде абыройлы қызмет атқарып келеді.

С.Сейфуллин ауылының тумасы ауыл мектебінде оқып, әскери мін­детін атқарған соң, түрлі салада еңбек етті. Бүгінде Қызылорда облысы Қорғаныс істері жөніндегі депар­таментінің Келісімшарт бойынша әскерге қабылдау тобының сержанты болып қызмет атқаруда.

– Ауылдың баласымын. 1996 жылы С.Сейфуллин ауылында дүниеге кел­дім. №137 орта мектептің 2013 жылғы түлегімін. Мектепті бітірген соң Қызылорда көпсалалы гуманитарлық техникалық колледжді экология және табиғатты қорғау мамандығы бойын­ша бітірдім. Колледжден соң 2016 жылы күзде әскерге шақырылдым. Ал­маты қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық Ұлан №5571 әскери бөлімінде Отан алдында борышымды өтедім. Әскерден кейін түрлі салада қызмет атқардым. 2024 жылдан бас­тап Қызылорда облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Келісім­шарт бойынша әскерге қабылдау тобының сержанты болып қызмет атқарудамын. Әскери қызмет мен үшін

– Абырой. Әскери қызметке келген әрбір азамат мемлекет тарапынан барлық жағынан қамтамасыз етіледі. Сондықтан Отан алдындағы борышымды абыроймен атқару парызым, – дейді сержант Көбейсін Музарапұлы.

Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесін алған Көбейсіннің айтуынша әкесінің салмақты сөзі мен темірдей тәртіпке үйреткен қайсар қасиеті оны әскери қызметке алып келген. Әр отбасы – жеке мемлекет десек, сол мемлекеттің іргесін қалаушы, оны басқарушы – әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын әкенің орны ол үшін әркез ерекше. Сондықтан әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болатыны сөзсіз.

– Отбасымыздың қамқоршысы, мейір-шапағат көзі – әкеміз. Әкем Музарап Салхадинов ауылда мемле­кеттік қызметкер. Ұлтымызда біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Отбасымызда әкеміздің бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өстік. Анам – Гүлсім Қайранбаева медицина саласында ұзақ жылдан бері еңбек етеді. Отбасымыздың берекесі мен ұйытқысы анамыз біз үшін ең мейірімді жан, – дейді өзі де бүгінде отбасын құрған, Бағжан есімді сұлумен отасқан, екі баланың әкесі атанған Көбейсін.

Отан қорғаушылар күні қар­са­ңын­да біз әңгімелескен әскери қыз­­меткер Көбейсіннен әскерден жалтарып, қашатындар туралы пікі­рін сұрағанымызда: «Әскерге баруды міндет санамау дұрыс емес деп есептеймін. Құдай сақтасын, дегенмен ел басына күн туатын болса, ең бірінші қолға қару алып, қасқая қарсы тұратын – ер адамдар. Ол ер адамдар қолына қару ұстай алмаса, атудың бағытын білмей, әрекет етудің жолын білмей жататын болса ол үлкен сын деп ойлаймын. Ал табиғи, төтенше жағдайлар орын алса, әскери адамдар ең бірінші қалай әрекет ету керек, қалай қимылдау керек, кімге хабарласу керек, қай жерде жиналу керек дегендерді біліп тұрады. Сондықтан соның барлығын әскери қызметкерлер үйренеді. Жанұясын, елін, жерін қорғау ер азаматтың міндеті деп ойлаймын. Қазіргі таңда көптеген ақпараттық ұйымдар арандатып, ақпаратты дұрыс жеткізбейді. Әрбір ата-ана өз баласын ойлайды. «Әскерде баламды ұрады» деген себеппен балаларын әскерге жібергілері келмейді. Қазір ондайды болдырмау, алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралар өте көп» дейді сержант.

Қызметіне адал, бойында пат­риоттық сезімі басым, әскери тактиканы меңгерген, әскери жаттығудан алдына жан салмайтын Көбейсін әскери қызметті таңдағанына еш өкінбейді. Қайта еліміздің жастарын Отан алдын­дағы борышын өтеуге және әскери қызметке келуге шақырады.

Бибісара ЖАНӘЛІ

06 мамыр 2025 ж. 91 0