Қуатты мемлекеттің тірегі – айбынды әскер

Шын мәнінде, елімізде белсенді және қордағы әскери қызметшілер жұмыс атқарады. Бүгінде әуе қорғаныс және әскери-теңіз күші, арнайы, әуе-десанттық, құрлық, ракеталық және артиллериялық, территориялық әскердің әлеуеті басым келеді. Ел әскерінің әлеуетін саралайтын болсақ, танк, бронды техника, ракеталық жүйе, ұшақ, тікұшақпен қамтылған. Жауынгерлік бағытта пайданалатын техниканың дайындығы жыл сайын тексеруден өтіп тұрады. Бұл ретте «Global Firepower» рейтингі бойынша Қазақстан 145 елдің ішінде 57-орынға жайғасқан. Ал Орталық Азияда көшбасшы елдердің қатарына кіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел әскерінің ұлт қорғаны болуы жолында қайсарлық пен табандылықты берік ұстанғаны жөн деп санайды.
– Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор. Әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екені анық. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы. Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, аумақтық тұтастықты сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Айбынды армиямыз егемендігіміздің кепілі, мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі саналады. Біз әскеріміздің әлеуетін оқу-жаттығу жиындарында ғана емес, нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында да көріп жүрміз. Алапат тасқын ел-жұртқа қауіп төндіргенде, сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Олар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетті. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту және әскери қызметкерлерді қолдау қашанда мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді, – деген болатын Мемлекет басшысы өз сөзінде.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Осы күні әскери борышын өтеуге ниетті жандар азаматтық міндетін абыроймен орындауда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Н.Нұржаубай