Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

№ 30 газет

26 сәуір 2025 ж.

№ 29 газет

22 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Оқушылар эссе байқауында бақ сынады

Оқушылар эссе байқауында бақ сынады

1 мамыр – Бірлік күніне орай, ауданымыздың «Руханият орталығында» мектеп оқушыларының қатысуымен эссе жазу байқауы өтті. Іс-шараға түрлі ұлт өкілдерінен шыққан дарынды өскелең ұрпақтар атсалысты. Шығармашылығымен қатар ұшқыр ойлау қабілетімен көпшіліктің ықыласына бөленген жас өрендер мектепте үздіктер қатарында.

Биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аталып өтуде. Еліміздің түкпір-түкпірінде әр ұлт және этнос өкілі қазақ халқымен өмір сүріп келеді. Сондықтан бұл іс-шара – патриоттық сезімді қалыптастыру және ұлттық бірліктің маңыздылығын түсіндіру мен өзара құрмет пен достықты нығайту мақсатында аудандық этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Нұр Мұхитқызының ықпалымен өткен болатын. Байқау алдын да оқушыларға «Руханият орталығын» аралауға мүмкіндік беріліп, аудандық музеймен таныс­ты. Қабырғада ілулі тұрған әр жәдігер туралы мағлұматқа қанық болған оқушылар кітапханаға бет бұрды. Сөздің маржаны мен кітаптың қазынасына толы жерге аяқ басқан жас өрендер қуанышы мен таңданысын жасыра алмады. Іс-шараны жылы лебізімен ашқан «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамы аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт қатысушыларға сәттілік тіледі. Әрбір оқушы өзінің туған еліне деген сүйіспеншілігімен қатар ұлттар достастығы мен бейбітшілікті бейнелеп, қағаз бетіне түсіре білді. Ұлты өзге болса да тілі де, жаны да «елім» деп соққан кішкене жүректерімен тебіренген толқынысын сөзбен жеткізу де еңбек. Үздік шығарманы анықтауда «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамы аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, аудандық қоғамдық даму бөлімінің маманы Ажар Оразымбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сталбек Тобағұлов төрелік етті.

Байқау қорытындысында ерекше деп танылған жұмыстар арнайы жеңімпаз атанды. Ойының ұшқырлығымен бас жүлдені иеленген орыс ұлтының өкілі Наргиз Сергей болса, бірінші орынмен Ярослав Лавров марапатталды. Екінші орынды иеленген шешен ұлтының өкілі Ахмад Жунитов пен үшінші орынға табан тіреген шешен ұлтының өкілі Ислам Бецеев болды. Ынтасымен көзге түскен корей ұлтының өкілі Стас Ким де елеу­сіз қал­мады. Шы­ғар­машылық кеш соңында барлық жеңім­паздарға баға­лы сый­лық табыс­талып, шынайы қуаныштың себепкері болдық.

– Бейбіт өмір мен ынтымақтың нышаны бола білген ұлттар достастығы – Бірлік күні баршамызға құтты болсын! Осындай жас ұрпақтарымыз биіктен көрініп, еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Бүгінгі өткен іс-шараға атсалысқан барша жанға алғыс білдіремін. Достығымыз жарасып, бірлікте, татулықта жүре берейік, – деп ықыласын білдірді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.

Қашанда бірлігіміз жарасқан елміз. Кең байтақ жерімізді көркейтіп, татулықта бола берейік. Өскелең ұрпақ әрдайым болашақтың айнасы болсын. Кішкене жүректеріне пат­риот­тық сезімді ұялата білу біздің парызымыз.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

29 сәуір 2025 ж. 220 0