Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі бекем елдің тілегі бір

Бірлігі бекем елдің тілегі бір

Бұзылмайтын қорғанға айналған ынтымақ пен бірліктен артық халық үшін байлық жоқ секілді. Әлем елдерінде геосаяси жағдай ушыға түскенде бейбіт өмірдің қадір-қасиетін айрықша сезінген дұрыс. Әрине, татулық жүрген жерде ырыс-береке молая түседі. Асылында, берекені көктен тілемей, бірлігі мол көптен тілеген еліміз көпұлтты мемлекет санатында. Соңғы 29 жылда ел тұрғындары «1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні» мерекесін атап өтеді. Мәртебесі мемлекеттік атаулы күн ретінде ерекшеленетін мерекеде ұлт пен ұлыстың татулығын, достығын, ынтымақтастығын терең­нен дәріптеуге басымдық беріледі.

Биыл Қазақстан Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Елімізде нақты 2024 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша 124 ұлт пен ұлыс мекен етеді. Ерте ғасырдан қазақтың ұланбайтақ жерінде қоныстанған өзге ұлт өкілдері қаншама қиын-қыстау күнді бастан өткеріп келеді. Жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында ел тыныштығынан басқа құнды дүние жоқ екенін көпшілікке ескерте кеткені мәлім.

– Кейбір мемлекеттер үшін этникалық әралуан­дылық сын-қа­тер­дің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл – біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз. Ын­тымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз. Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз. Қазақстан халқы Ассамб­леясының 30 жылдығы – егемендік тарихындағы айтулы оқиға. Бұл мерейтой әр азаматтың бақ-берекесін арттыру жолында ұлтымызды ұйыстыратын маңызды белеске айналады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы Сырдария ауданында 11 ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Аудан хал­қының мызғымас бір­лігі ертеректен қа­лыптасқан. Бү­гінде «Руханият ор­талығында» «Қо­ғамдық келісім» КММ Сырдария аудандық бөлімшесі жұмыс жасайды. Күнделікті этнос өкілдері бас қосып, мәдени іс-ша­ра­лар өткізеді. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, өздерінің салт-дәстүрін ке­ңінен дәріптеуге үлес қосады.

– «1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні» мерекесі елімізде өзіндік маңызы зор айшықты күнге айналды. Әрине, Ассамблея мүшелері ынтымақтың түбі игілік, тірлік түбі – бірлік екенін тереңнен сезінеді. Жыл көле­мін­де Ас­самб­лея мүше­лерінің қатысуымен тағы­лымы мол, ұлттық мү­ддені ортақ арнаға то­ғыс­тыратын көптеген іс-шара өт­кізіп келеміз. Кө­біне жастар бел­сенділік танытып, тату­лықты кеңінен насихаттап келеді, – деді «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сырдария ауданы этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Нұр Мұхитқызы.


Балтабай ОРДАБЕКОВ

29 сәуір 2025 ж. 308 0