Текті сөздің төресі

Аудандық байқауды ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев текті сөздің тереңдігіне тоқталып, бата берудің әрбір адам үшін маңыздылығын айшықтай түсті.
– Бата – халықтың қазынасы. Әрқашан бата беру дәстүрі қазақтың ұлттық идеологиясының ажырамас бөлігіне айналды. Қай кезде де батаменен ел көгеріп, көпшіліктің ісі алға басқан. Тектіліктің жұрнағына айналған батаның мән-мағынасы ұғынған адамға тереңде жатыр. Бүгін аудандық байқауда өз өнерін көрсетуге келген жандар батаның өзектілігіне мән бергені абзал. Сөздің дуалы болуымен қатар, өтімділігі батаны жеткізуші жанға байланысты, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Батагөйлер сайысына 15 өнерпаз бақ сынады. Атап айтқанда, айдарлылық Өмірәлі Монтақаев, аманкелділік Жұмағазы Оразов, нағилық Зарлыхан Әуілбай, қоғалыкөлдік Жамаладдин Жанахметов, асқарлық Айнабек Ахметов, шіркейлілік Бағдат Әбдірахманов, жетікөлдік Темірбек Калкузов, бесарықтық Абзал Молдашев, іңкәрдариялық Гүлмұрат Қарабеков, шағандық Совет Уразалиев, ақжармалық Мақсат Сағымбаев, сәкендік Жүрсінбек Асанов, қалжанахундық Серікбол Ермаханов, тереңөзектік Айсұлу Байтілеу мен Сейтқасым Әбдібахитов сөздің төресінен шеберлік байқасты. Байқауда ел мен егінге, балаға, наурыз мерекесіне, жаңа түскен келінге, нәрестеге, асқа, қоныс тойға, қыз ұзатуға, сүндетке отырғызылған балаға арналған бата түрі кеңінен насихатталды. Арнайы көрініс дайындап келген қатысушылар қазақы ғұрыптың қаймағын сарқып, ұлттық мұраны жаңғырта түсті. Қатысушылардың өнеріне ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, Ақжарма ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Құдайберген Шыманов әділ қазылық етіп, баға берді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Абзал Молдашев, Темірбек Қалкузов, Бағдат Әбдірахманов, ІІ орынды Жұмағазы Оразов, Өмірәлі Монтахаев, І орынды Мақсат Сағымбаев, бас жүлдені Совет Уразалиев еншіледі. Өз кезегінде барлық қатысушыға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева шынайы алғысын жеткізді. Оларға бағалы сыйлық пен диплом тапсырды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ