Басбұзар бала қайдан?..

Абаттандырылған көпқабатты тұрғын үйлерден бастап, жол құрылысы, «Майжарма» каналының жағалауы, орталық алаң, «Тағзым» алаңы, самаладай жап-жарық кент көшелерімен серуендеп жүріп өту-ақ жаныңа жайлылық сыйлайды. Бұның бәрі не үшін, кім үшін? Әрине жауап біреу – болашақ үшін, жастар қызығын көрсін, тұрмыс сапасы жақсарсын, кентіміз үлкен қалалардай гүлденсін деген. Айналып келгенде, жас буынның болашағы үшін. Бірақ! Сенім артып отырған жас ұрпақ осы бардың қадірін біліп жүр ме?
Нақтылай айтар болсақ, көпшілікке белгілі, кент кіреберісін көркейту мақсатында А.Иманов көшесінің бойында «Жастар» аллеясы салынды. Аллеяға арнайы тас төселіп, жарықшамдар, орындықтар мен әткеншектер қойылып, жастың да, жасамыстың да серуендеуіне қолайлы жағдай жасалды. Аллея аудандық бюджет қаражаты есебінен салынғаны, қолданысқа берілгені туралы бұған дейін де ақпараттандырған болатынбыз. Енді мәселе – аллеяның бірнеше айға жетпей тозып тұрғаны, яғни, бір айға жетпей әткеншектердің сынып, қирап, бүлінуіне кім кінәлі?
– Мен осы А.Иманов көшесінің тұрғынымын. Көшеміздің көркі кіріп, есік алды жастардың әдемі аллеясына айналды деп қуанып едік, қуанышымыз көпке бармады. Бір ай өтпей жатып-ақ әткеншектер сынып, қирап қалды. Бұл әткеншекке үлкен адам отырмайды, «сонда кішкентай балалар қалай сындырады?» деген ойға қалдым. Сөйтіп бір күні бақылап қарасам, бір әткеншекке бір емес, 4-5 бала мінгесіп алған. Отырғаны отыр, қалғаны төбесінен мініп, дөңкейіп аяқпен тұрып алыпты. Ал кеп әрлі-берлі шайқасын. Айналайын-ау, темір екеш темір де сынады ғой анадай тірліктен кейін. Оны айтсаң, жауаптары дайын. Тегін дүниенің қадірі болмайтыны несі осы? Сонда үйдегі ата-ана «қоғамдық орында тәртіпті бол, қоғамның мүлкін бұзба, бүлдірме» деп айтпай ма? Обал емес пе, үп-үлкен кісілер келіп соны маңдай термен осы халықтың игілігі үшін деп салып берді ғой?! – деді күйінішін жасыра алмаған көше тұрғыны.
Расында, бала біздің болашағымыз, бар жақсылық – балаларға дейміз. Бірақ қазіргі буын тым ерке ме, әлде еркін бе, белгісіз, көп жағдайда бардың қадіріне жетпей жатады. Баршылықта, молшылықта, бейбіт заманда өскені, әрине, жақсы. Десек те, баланың ертеңгі болашағы үшін ең алдымен үйдегі ата-ана тәлімді, тәрбиені қалыс қалдырмауы керек. «Баланы аясаң, аяма» дейді бала тәрбиесін ұлт ертеңі деп білетін халқымыз. Қазір біз жас буынбыз, десек те өзіңнен кейінгіге сын көзбен қарай бастауың орынды. Мектеп жасындағы балалардың көшеде қоқыс тастап, дарақыланып күліп, аузына келгенді айтып бара жатқанын байқап жатамыз. Оған ауыз ашып бірдеңе деп көрші, өзіңнің жағаңнан алады.
Көп отбасында дастарқан басында дұрыс әңгіме айтылмайды. Әлеуметтік желіге кірсең де сол. Үлкендердің өзі бір-бірімен бет жыртысып отырғаны. Міне, мәселе қайда жатыр? Дастарқан басында салиқалы, салмақты әңгіме тыңдап, бойына сіңірмеген бала, әрине, осындай басбұзарлыққа барады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десек те ұлт тәрбиесін әр ата-ана өз үйінде тәрбиелеп отыр. Осыған аса мән беру қажет. Кейбіреуге бұл сөз ұнамауы, қарсы пікір айтуы түсінікті. Бірақ ұлттық тәрбие болмаса, үкілеген үмітіңіздің ертеңі не болады, нағыз алаңдау керек нәрсе осы. Үлкен ісімен, сөзімен үлгі болып, жас буынды дұрыс бағытқа бағыттауы, өзімшілдікті бала бойынан қууы қажет. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» екені даусыз.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Жастар» аллеясындағы әткеншектер қалпына келтірілді. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған газет тәлімдік, танымдық бағытты алға тартады. Сол себепті де оқырман пікірін есепке алып, осы мақаланы жазуға, оқырманға ой салуға бел будық.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ