Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет отырысында көтерілген мәселелер бойынша тапсырма берілді

Үкімет отырысында көтерілген мәселелер бойынша тапсырма берілді

Өртке қарсы дайындық, су тасқынының алдын алу мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысты.

Аймақ басшысы Үкімет отырысынан кейін жиын өткізіп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.
«Статистикалық деректерге қарағанда, еліміздегі төтенше жағдайлардың 90 пайызы өрт салдарынан болады. Өңіріміздің құрғақ, желді климатын ескерсек, дала өрттерінің тұтану, тез таралу қаупі аса жоғары.

Дала өрттерінің алдын алу үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды дер кезінде қамтамасыз ету қажет. Орман, дала өрттерінің басым бөлігі тұрғындардың, шаруашылықтардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан, жауапкершілікті сезінбеуінен туындайды.

Жергілікті шаруашылықтар тазалық жұмыстарын жүргізерде орман мекемелеріне алдын-ала хабарлама беруі тиіс. Өрттің алдын алу шараларының толық ұйымдастырылуын қатаң бақылауға алыңыздар. Табиғи, адами факторлардың әсерінен магистральді және ауданаралық жол бойында, егіс алқаптарында құрғақ шөптің жану қаупі жоғары. Орман алқаптарында, егістікте бақылауды күшейту керек.

Өңірімізде су тасқынының алдын алудың кешенді шаралары қабылданып, 14 ақпаннан бастап өзен бетінде мұз жүрді, наурыз айында толық тазартылды. Келген мол су көлдер жүйесіне жіберілді. Өзендегі су деңгейі магистральді каналдар мен көлдер жүйелеріне су алу арқылы реттелді. Суды тиімді пайдалану және су басу аймақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды.
Бүгінгі мәжілісте қаралған мәселелер өзекті. Қатаң бақылауда ұстап, мерзімінде тиісті шара қабылдау қажет», – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, өрттің алдын алуда орман шаруашылығы мекемелерінде 15 өрт сөндіру автокөлігі, 10 дрон және 65 тұрақты өрт сөндіруші жасағы қызмет атқаруда.

Соңғы 3 жылда өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық- техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлінді. Биыл 62 техника мен 80-ге жуық құрал алу көзделуде. Орман және дала өрттерін сөндіру үшін 18 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 15 қадағалау мұнарасында тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған.

Су басу қаупі бар 29 аймаққа арнайы техника, күш-құралдары бар 135 жауапты мекеме бекітілді. Оларда 410 арнайы техника және 1 234 адам күші бар. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор жеткілікті, яғни 129,7 тонна жанармай, 95 110 қап және басқа да материалдар жинақталған. Ықтимал су тасқыны кезінде халықты көшіру пункттері дайын. Атап айтсақ, 61 эвакуациялық жинақтау және 71 эвакуациялық қабылдау пункті бар.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

16 сәуір 2025 ж. 122 0