Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілсіз жаудан сақтанамын десек...

Тілсіз жаудан сақтанамын десек...

«Тілсіз жау айтып келмейді» дегендей, айналамыздағы түрлі оқыс жағдайдың алдын алу сала мамандарының міндеті ғана емес, әрбір аудан тұрғынының жауапкершілігінде. Көктем – егіске дайындықтың қызатын мезгілі. Алқаптарды тазартудың соңы оқыс оқи­ғаға айналмағаны жөн. Ауданымызда төтенше жағдайлар бөлімі мен Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен тоғай өртінің алдын алу мақсатында оқу-жаттығу өтті.

Жалпы ауданға қарасты 263 361 гектар мемлекеттік орман қоры жері бар. Ол жер­лерді күзету, қадағалау, оқыс жағдайдың алдын алу орман күзету инженерлерінің жауап­кершілігінде. Ал қай кезде де көмекке асығатын құтқарушылар қашан да қатарда. Көктемшілік егіс алқаптарын тазарту кезінде оқыс оқиға орын алуы мүмкін. Соның алдын алу және қызметкерлерді даярлау мақсатында штаб­тық оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Оқу-жаттығуға төтенше жағдайлар бөлімі мен Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен аудандық полиция бөлімі және аурухана бөлімі қатысып, бірнеше техника мен 27 қызмкеткер жұмылдырылды. Аталған іс-шара «Жалын» сауықтыру лагеріне қарасты дала алқабында жүргізілді.

– Барлығымызға белгілі, көктем және күз мезгілдерінде дала мен орман өртінің алдын алу, қызметкерлерді даярлау мақса­тында жыл сайын штабтық оқу-жаттығу жұмыс­тары жүргізіледі. Оған аудандық жедел профи­лактикалық жұмыстарын жүргізетін міндет­телген мекемелер қатысуы шарт. Алдағы уақытта да аталған іс-шара жоспар бойынша жүзеге асады, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Шарафадинов.

Тілсіз жау оқыстан пайда болуы мүмкін. Яғни сөндірілмеген шылым немесе сіріңкеден шыққан өрт, сондай-ақ егіс алқаптарындағы орылған шөпке от қоюдан өрт өршуі мүмкін.

Жоғарыда аталған белгілерді ескере отырып, өрт қауіпсіздік шараларының алдын алу маңызды. Осы орайда Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болатбек Ұлтанбекұлы оқу-жаттығу шарасын қорытындылады.

– Бүгінгі штабтық оқу-жаттығу өз деңгейінде өтті. Әлі де алда осындай іс-шара ұйымдастырып, қызметкерлердің даярлығын нығайтуымыз шарт. Өздеріңізге белгілі, өткен жылдары Семей қаласында үлкен көлемде орман өрті орын алды. Қаншама адам жапа шекті, өмірден қол үзгендер де болды. Сондықтан жылдың екі мезгілінде жүргізілетін оқу-жаттығуды жоспар бойынша тұрақты өткізуіміз керек. Барлық атсалысқан қызметкерлерге алғысым шексіз, – деді Б.Ұлтанбекұлы.

Қазақтың кең байтақ даласы – қасиетті мекеніміз. Оны ардақтау – біздің парызымыз. Сондықтан оқыс оқиғаның алдын алуды тек сала мамандарына ысырып салуға болмайды. Оған біртұтас халық болып атсалысуымыз қажет. Лапылдаған қызыл жалыннан барлығымыз сақ болайық және алдын алайық!

Гүлсезім ТАБЫНБАЙ

15 сәуір 2025 ж. 145 0