Халықаралық құқықтық құқықтық көмек көрсету

Нұсқаулық 3 тараудан, яғни, жалпы ережелер, Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек сұрап жүгіну деп аталатын тараулардан тұрады.
Аталған нұсқаулық – Қазақстан Республикасы соттарының халықаралық-құқықтық ынтымақтастық саласында шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек көрсету және құқықтық көмекпен жүгіну тәртібін нақтылайды.
Нұсқаулықта мынадай ұғымдар қамтылған:
Құзыретті орган – азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ халықаралық шартқа не тиісті мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік мекеме не Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің соты.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен не халықаралық ұйыммен жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда болуына қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім.
Құқықтық көмек – бір мемлекет сотының басқа мемлекеттің құзыретті органдарынан келіп түскен тапсырма немесе өтінішхат бойынша істі сотта қарау немесе сот актісін орындауды тану және шешу үшін қажетті процестік әрекеттерді жүргізуі.
Тапсырма – басқа мемлекеттің аумағында құжаттарды тапсыру және жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы сот құжаты.
Өтініш хат – жеке немесе заңды тұлғаның не соттың басқа мемлекеттің аумағында сот актісін тану және оның орындалуын шешу туралы өтінішпен жүгінуі болып табылады.
Соттар нақты мән-жайларды, сот төрелігі мен жалпы қоғамның мүдделерін негізге ала отырып, заңнамаға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құқықтық көмек көрсетеді.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында қамтылатын қағидалардан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған кезде, құқықтық көмек шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы сотының сұрау салуы бойынша өзара түсіністік қағидаты негізінде көрсетілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Соттары соттармен және шет мемлекеттердің басқа мекемелерімен азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша халықаралық шартқа не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орталық және аумақтық органдар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекеттердің соттарымен және басқа мекемелерімен тікелей өзара іс-қимылына Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген жағдайларда ғана жол беріледі
Шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелерінің тапсырмаларын Қазақстан Республикасының Соттары оларды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) (бұдан әрі – Департамент) немесе оның облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық органдары (бұдан әрі - Соттар әкімшілері) арқылы алған кезде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта құжаттарды жіберудің өзге тәртібі көзделмесе орындайды.
Қарым-қатынас тәртібін бұза отырып, соттарға келіп түскен шет мемлекеттер соттарының немесе басқа мекемелерінің тапсырмалары орындалуға жатпайды және халықаралық шартқа не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орталық немесе аумақтық орган арқылы бастамашыға қайтарылады.
Нұсқаулықта айқындалғандай «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Конвенцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1453 қаулысының 2-тармағын орындау үшін Қазақстан Республикасы соттарының, шет мемлекеттер соттарының тапсырмалары, азаматтық және отбасылық істер бойынша соттардың шешімдерін тану және орындау туралы өтінішхаттар бойынша аталған конвенциялардың ережелерін орындауға Соттар әкімшілері уәкілетті.
Нұсқаулыққа сәйкес, Соттар әкімшілерінің тапсырмаларды немесе өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот актілерін орындауға байланысты жасалған құжаттарды қарау мерзімі 10 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Департаментке келіп түскен шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелерінің тапсырмалары, олардың орындалуына кедергі келтіретін себептер болмаған кезде, олардың орындалуын ұйымдастыру үшіншет мемлекеттің құзыретті органы хабардар етіле отырып, аумақтылығы бойынша Соттар әкімшісіне жіберіледі.
Тапсырмалар сот отырысы барысында орындалады және хаттама жасалады.
Шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелерінің тапсырмаларын, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Соттары олар келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орындайды.
Тапсыруға жататын құжаттар шет тілінде жасалған немесе мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге болмаған жағдайларда, егер ол оларды өз еркімен қабылдауға келіссе, олар алушыға тапсырылады.
Құжаттарды тапсыру тапсырылған күні бар растаумен, құжат тапсырылған адамның соттың елтаңбалы мөрімен және судьяның қолымен бекітілген растау құжатымен куәландырылады. Алушы құжатты қабылдаудан бас тартқан жағдайда, тапсырманы орындаушы құжатты алудан бас тарту себебін көрсете отырып, соңғысы қол қойған және соттың мөрімен куәландырылған бас тарту туралы актіні толтырады.
Егер тапсырма соттылығына жатпайтындығынан сот оны орындай алмаса, онда сот 5 жұмыс күні ішінде тапсырманы аумақтылығы бойынша басқа сотқа жібереді, бұл туралы 5 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының құзыретті органына хабарлануы тиіс.
Садуақасова Камшат Ашимқызы
Сырдария аудандық сотының
төрағасы міндетін атқарушы
Фото: Н.Нұржаубай