Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі ауданында Ұлыстың Ұлы күні тойланды

Шиелі ауданында Ұлыстың Ұлы күні тойланды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдерімен бірге Ұлыстың Ұлы күніне арналған көпшілік іс-шараға қатысты.

Аудан жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтап, аймақта атқарылған, қолға алынған, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға тоқталды.

«Баршаңызды береке мен бірліктің бастауы болған Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Президентіміздің бастамасымен өткен жылдан бері Наурыз мейрамы "Наурызнама" онкүндігі аясында тойлануда. Бұл көктем мерекесінің мазмұнын байытып, көпшілікті ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіре түсті.
Ұлыстың Ұлы күні Сыр еліне толайым жаңалықтарымен келді!
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда.
Өткен жылы облысымыздың бюджетін 750 млрд. теңгеден асырдық.
Жергілікті кәсіпкерлер, осы елден шыққан меценаттар, туған жерді түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерін салып, демеушілік көрсетіп, белсенділік танытты.
Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Әз Наурыз тәуелсіз елімізге, туған жерімізге молшылығымен, игілігімен келсін!
Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын!», - деді Н.Нәлібаев.

Мұнда Наурыз мейрамына арналған тақырыптық киіз үйлер тігілген. Ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі қойылып, ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды. Аймақ басшысы бүлдіршіннің тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тіледі.

Мерекелік шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, еңбек ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Рахим Мәуияұлы ақ батасын берді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

21 наурыз 2025 ж. 57 0