Қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қажет - Мемлекет басшысы

«Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде.
«Бұдан бөлек, қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс», деді Президент.
Фото: Ашық дереккөзден