Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 35 жыл
Бүгін өмірінің өлшеулі бір бөлігін оқ пен оттың ортасында өткізіп, азаматтық борыштарына адалдық танытқан Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.
Іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Е.Әжікенов, «Amanat» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Еспенбетов және Ауған соғысына қатысқан ардагерлер қатысты.
Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларының көрсеткен өжеттігін, ерлігін қайталай білген Қазақстан жауынгерлері Ауғанстанда да өз азаматтық борыштарын абыроймен атқарды. 1978 жылы сәуір айында Ауғанстанда мемлекеттік төңкеріс болып, оның соңы соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 924-і сұрапыл соғыста қаза тапса, 21 адам хабарсыз кеткен.
Бүгінгі таңда қазақ елінде 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагерлері бар. Олардың 3 мыңдайы мүмкіндігі шектеулі жандар. Сырдария ауданы бойынша 19 ардагер қатысса, бүгінде олардың 15-і аудан өміріне етене араласып жүр.
Кездесу барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Ертарғынұлы ерліктері мен бейбіт жылдардағы еңбектері үшін Ауған соғысы ардагерлерін облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен және мерекелік төсбелгімен марапаттады.