Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғұлама ақын Қалжан ахун атымен аталатын ауыл

Ғұлама ақын Қалжан ахун атымен аталатын ауыл

Қалжан ахун ауылы аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен. Киелі мекен дін қайраткерінің есімімен аталады. Ауыл іргесінде ғұлама ұстаздың мешіт-медресесі бар. Тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған, республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарында. Ауыл тарихы туралы сөз қозғалғанда алдымен қазіргі Қалжан ахун ауылы аумағында 1928 жылы «Бостандық жол» колхозы құрылғандығы айтылады.

1938 жылы Сталин, Чапаев және 1939 жылы құрылған Аман­келді колхоздары қосылып, ке­йін іріленген Аманкелді кол­хозына айналады. 1958 жылы екі колхоз Аманкелді және Каганович бірігіп, Ленин кол­хозы болды. Оның орталығы қазіргі С.Сейфуллин ауылына көшіріледі. Мұнымен колхоз­дардың бірігуі аяқталмайды. 1963 жылы Ленин және Партияның ХХІ съезі атындағы кеңшар құрылады. 1975 жылы осы кеңшардан С.Сейфуллин атындағы кеңшар өз алдына бөлініп шығады. 1984 жылы кеңшар орталығы Қызылдихан ауылынан Аманкелді учаскесіне қазіргі Қалжан ахун ауылынан көшіріледі. 1993 жылы Партияның ХХІ съезі атындағы кеңшар өз атауын О.Мәлібаев болып өзгертеді. Ал 1997 жылы осы кеңшар екіге, яғни Қалжан ахун және О.Мәлібаев атындағы кеңшар болып қалыптасады.

– Ауыл көлемінде Ақбойдақ, Шолақарық ауылдық кеңестері, 1950 жылдан бастап Құндызды ауылдық кеңестері болды. Ауылдық кеңес төрағалары болып Ә.Дәрменов, Ә.Ысқақов, Ө.Бегманов, І.Оралбаев, У.Бейсенбаев, Б.Шертаев, Қ.Ибра­гимов, т.б. қызмет атқарған. Өзде­ріңізге белгілі ауылдың қазіргі атауы Сыр еліне ізгілікті ісімен, жақсылық шапағатымен аты кең танылған, халық пір тұтып құрметтеген ғұлама ақын Қалжан ахун құрметіне берілген. Қалжан ахун, шын аты Құлмұхамед Бөлекбайұлы 1862-1916 жылдары өмір сүрген. 27 жасында Көкілташ медресесін бітіріп, имам және ахун атағын алған. Өмір бойы ислам дінін уағыздап, бала оқытып, ұстаздық еткен, – дейді ауылдық округ әкімі Ғалымжан Әкбарұлы.

Осы күні 210 отбасын құрайтын, 1125 халық тұратын ауылда 2 тыл ардагері, 128 зейнеткер, 45 мүмкіндігі шектеулі жан, 20 Алтын алқа, және 24 Күміс алқа иесі бар.

Ауылда атқарылған ауқымды жұ­­мыс­тың қатарында елді мекенді газ­дандыру мәселесі бар. Бүгінде 186 тұрғын үй «көгілдір отынға» қосылып, қамтылуы 87,5 пайызды құ­райды. Қазіргі таңда қалжа­нахун­дық­тар аудан­дағы газ игілігін алғашқы көріп отырған ауыл қатарында. Сонымен қатар өткен жылы ауылдағы ең үлкен көше – Қайқы батыр көшесін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мер­дігер мекеме жөндеу жұмысын аяқ­тап, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында электр желісін қайта жаңғырту жұмысы басталды. Құны 485,9 млн теңге болатын жоба жұмысын мердігер «ҚЭТТК» АҚ мекемесі бастап, биылғы жылы электрмен жабдықтау жалғасып, аяқталатын болады.

Қалжан ахунда ауыл шаруа­шылығы құрылымдары егін егу мау­сымында 1165 гектар күріш екті. Көктемде 109 гектар жаңа жоңышқа, 468 гектар ескі жоңышқа, 4 гектар картоп, 9 гектар көкөніс, 11 гектар бақша дақылдарын орналастырған. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақ­сатында «Нұрбек» фермерлік қожа­лығы, «БАҚ» шаруа қожалығы мен «Сүндетбай» шаруа қожалығы қайы­рымдылық іс-шараларына қатысып, демеушілік жасау үрдіске айналған.

Ауылда қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдары белсенді жұмыс жасайды. Аудан әкімінің: «Қалжан ахун ауылында шешімін табуы тиіс әлеуметтік және экономикалық мәселелерді жергілікті қоғам­дастық жиналысында қарап, қоғамдастық мүшелерінің келі­сімімен ұсынылуын назарда ұстасын» деген тапсырмасына сәйкес, қоғамдастық жиынында елді мекендегі проблемалық мәселелер көтеріліп, талқылану күн тәртібінен түскен емес.

– Өткен жылы жұмыссыз ретінде тіркелген 83 адамның 46-ы тұрақты жұмысқа, 28-і қоғамдық жұмысқа, 6-ы жастар тәжірибесіне, 1-і алғашқы жұмыс орнына, 2-і Күміс жас жобасына жолданды. 8 отбасының 46 мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырып, қаржылай және азық-түлік пакеті көмегін алды. Негізінен тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 109, оның ішінде жеке кәсіпкерлер – 92, шаруа қожалықтары – 17. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант бойынша 3 жоба 4,2 млн теңгеге қаржыландырылды, – дейді ауыл әкімі.

Биылғы жылы ауылдық округте электрмен жабдықтау жобасының 2-кезеңі аяқталады. Сонымен қатар ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ауылдық клуб үйін жөндеуге қатысты жұмыс жүргізілмек. 2002 жылы асар әдісімен салынған ауыл мектебінің тозығы жетуіне байланысты күрделі жөндеуге байланысты тиісті құжат әзірленуде. Сондай-ақ ауылдағы «Тағзым» алаңы жанындағы саябақты абаттандыру жұмыстары жүретін болады.

Ауыл халқының тұрмыстық жағ­дайын жақсарту, әл-аухатын көтеру мақсатында қолға алынған нақты жұмыстың игілігін ауыл халқы көретін болады. Оның қатарында жұмыс­сыз­дықты азайту мен кәсіпкер­лікті дамыту алдыңғы кезектегі мәселе болып қала бермек.

Бибісара ЖАНӘЛІ
25 қаңтар 2025 ж. 86 0