Биыл МӘМС үшін кім қанша төлейді?
Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалатындықтан, МӘМС төлемдерінің көбісі өзгермейді. Ал ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге. Демек, жарналар мөлшері де өзгермейді.
Жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін ставкалар да өзгеріссіз қалады – сәйкесінше 3% және 2%. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Әбдусаметов айтты.
Биыл тек біржолғы төлем мөлшері өзгерді, яғни ол 21,5%-дан 23,8%-ға дейін, сондай-ақ жеңілдетілген категориядағы азаматтар үшін мемлекет тарапынан жарна мөлшері орташа айлық жалақының 1,9%-ынан 2%-ына дейін өзгерді. Бұл көрсеткіш өткен екі жылдағы ағымдағы қаржы жылының орташа айлық жалақысынан есептеледі. Мәліметті мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган анықтайды.
Осы орайда МӘМС төлемдерінің мөлшері мынадай болмақ:
Жұмыс берушілердің жарналары қызметкердің табысынан 3%. Табыс 10 ең төменгі жалақыдан аспауға тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25 500 теңгені құрайды. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтіндер табысының 2%-ын төлейді, яғни 10 ЕТЖ артық емес немесе 17 мың теңге.
Біржолғы төлем төлеушілер жалақы қорынан 23,8%. Жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары – 5950 теңге.
Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексі талап еткендей жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.
Дербес төлеушілердің жарналары – 4250 теңге (1 ең төменгі жалақының 5%). Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7 285,9 теңге.
Төлемді екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, Kaspi.kz, HalykBank мобильді қосымшалары арқылы, сонымен бірге Касса 24 және Qiwi әмиян өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады.
«СБ» ақпарат