Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері – Сыр елінде
Қызылорда қаласына Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері келді. Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев шетелдік меймандарға өңірдегі бірқатар мәдени-әлеуметтік нысанның жұмысын таныстырды.Делегация ең алдымен, «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Академияға бір мезетте 500, тәулігіне 3 мыңға дейін оқушы келеді. Олар бассейнде, топтық жаттығу бөлмелерінде, көркем гимнастика және фитнес залдарында жаттығады. Балалар мұнда түрлі өнер үйірмелеріне қатысады.
Бұдан бөлек, елшілер Президент саябағында болды. Бүгінде саябақ аумағы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Қайта жаңғыртуды Alem Qurylys AQ серіктестігі қолға алған. Жобаға түзету енгізілген соң мұндағы құрылыстар қатарына 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ қосылған болатын. Бірнеше нысан мен қоғамдық кеңістіктер салынуда. Атап айтқанда, аллея, субұрқақ, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаңдары, workout пен демалыс аймақтары. Сонымен қатар фудкорт, теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек аттракцион, тамақтану орындары, велосипед және жүгіру жолақтары бар. Бұдан бөлек сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары да салынуда. Ботаникалық бақ аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Абаттандырылатын жалпы аумақ 2,41 гектар. Бақ ішіне Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскарда өсетін жасыл желек отырғызылады. Балалар лагері 6,02 гектарға орналасып, оның аумағында әкімшілік ғимарат, іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 тұрғын корпус, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 дәстүрлі киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна, өзге де демалыс және техникалық нысандар болады.
Еуроодақ делегациясының сапары біздің ауданның Бесарық ауылында жалғасты. Құрметті меймандарды аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев қарсы алды. Қонақтарға ұлттық дәстүр мен мәдени мұра таныстырылды. Меймандар этноауылда ұйымдастырылған мазмұнды мәдени іс-шараға қатысып, қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын танытатын арнайы бағдарламаны тамашалады. Елшілерге қазақтың ұлттық тағамдары мен ұлттық өнімдері тарту етілді. Ұлттық әндер шырқалып, қонақжайлық дәстүрі кеңінен насихатталды. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері көрмеге қойылып, олардың өндірістік әлеуеті мен сапалық ерекшеліктері таныстырылды.
Этноауыл аумағында тігілген киіз үйде қазақтың көне салт-дәстүрінің бірі – «Тұсау кесер» рәсімі сахналанды. Бұл тағылымды дәстүрді «Ақ әжелер» ансамблі көпшілік назарына ұсынды.
Мәдени іс-шара барысында этноауыл төрінде алтыбақан құрылып, қазақ жастарының ойын-сауық дәстүрі дәріптелді. Қонақтар ұлттық ойындардың мазмұнымен танысып, қазақ халқының өмір салты мен дүниетанымын айшықтайтын көріністерді тамашалады.
Аталған мәдени бағдарлама ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлердің сақталуы мен жаңғыруын айшықтап, қонақтарға қазақ халқының болмысын кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.
«Тт» ақпарат









