Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2025 жылы міндетті декларациялаудан кімдер босатылады?

2025 жылы міндетті декларациялаудан кімдер босатылады?

Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев келер жылы жеке тұлғалардың 90 пайызының кірістері мен мүлкін міндетті декларациялаудан босату туралы өз ұсынысын айтқан болатын. Министрдің бұл ұсынысын Премьер-министр Олжас Бектенов қолдады, яғни 8 миллион қазақстандық декларация тапсырудан босатылмақ. Дегенмен Қаржы министрі 2025 жылдан бастап декларациялауды ұсыну бойынша міндетті азаматтардың қалған санатында мәселе туындайтынын айтты.

Қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, қазіргі уақытта үш кезең аясында жалпыға бірдей деклара­циялау жүйесіне 4 миллионнан астам адам, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары, бизнес өкілдері және олардың жұбайлары кірген екен. Бұл – шамамен 4,8 миллион адам.

Министр Мәди Такиев мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылы жалпыға бірдей декларацияны тапсыруға кімдер міндетті екенін нақтылай түсті.

– Декларацияны мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік секторлардың басшылары мен олардың жұбайлары, 20 мың АЕК мүлкі бар адамдар, шетелде мүлкі барлар мен шетелдегі банкте қаржысы бар қазақстандықтар тапсырады. Мұғалімдер, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері декларация тапсырмайды. Жалпы декларацияны ерікті түрде кез келген адам тапсыра алады, – деді қаржы министрі.

Сондай-ақ министр жеке кәсіпкерлер декларацияны жыл сайын тапсыруға міндетті екенін және де мемлекеттік қызметкерлер дүние-мүлкін өзгенің атына жаза алмайтынын да атап өтті.

– Естеріңізде болса, елімізде жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайлары және оларға теңестірілген тұлғалар тапсырып бастаса, келесі кезеңдерде басқа санаттағы азаматтарға тапсыру міндеті қосылып отырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыға бірдей декларация мәселесін Үкіметке қайта қарауды тапсырған болатын. Осыған байланысты 2025 жылы декларацияға өзгерістер енгізу туралы бірқатар ұсыныстар айтылып, мәселе жан-жақты қаралды. Нәтижесінде Қаржы министрі келер жылы 8 миллионға жуық қазақстандық жалпыға бірдей декларация тапсырудан босатылатынын мәлімдеді. Ал декларацияны 20 000 АЕК-тен жоғары, нақтырақ айтқанда 74 млн теңгеден жоғары мүлкі бар немесе ірі сатылым жасаған азаматтар тапсыру міндеттелетінін атап өтті. Өз кезегінде Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кіріс­тер басқармасы қызметкерлері тұрғындарға және жеке азаматтарға жалпыға бірдей декларация тапсыру аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, уақытылы ақпараттандырып келеді. Келер жылы да жұмыстар өз жалғасын табатын болады, – деді Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрлан Нұрсейтов.

Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, кірістер мен мүліктер туралы декларацияны, яғни 270-СЕН есептік нысанын осы уақытқа дейін тапсырып келген санат алдағы уақытта да міндетті болып қала береді. Комитет өкілі жыл сайынғы 270 салық есептік нысаны барын да еске салды.

Мемлекет басшысының Жалпыға бірдей дек­ларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру үшін аталған санаттағы азамат­тардың декларацияларды ұсынудан боса­тылуына мемлекеттік органдардың деректер базасын цифрландыру, қолма-қол ақшасыз төлемдердің жоғары үлесі, автоматтандырылған салықтық бақылау, халықаралық келісімдер шеңберінде қаржылық шоттар бойынша деректер алмасу, сондай-ақ цифрлы қызметтердің кең қолжетімділігі ықпал етіп отыр.

Халықтың ыңғайлығы үшін салық төлеушінің кабинеті арқылы декларацияларды тапсыру бойынша бірқатар электронды сервистер жолға қойылды. Айталық, «Сabinet.salyk.kz», «Электронды үкіметтің» веб-порталы «Еgov.kz, «Е-Salyq» «Azamat салық әмияны», «ЕGov mobile», Halyk, «Банк Центр кредит» және Kaspi.kz» мобильді қосымшалары бүгінде көпшілікке қолжетімді.

Еске сала кетейік, декларация тапсыруға міндетті санаттағы аза­мат­тар тапсырудан бас тартқан жағдайда жеке шоттары бұғат­талатын болады.


Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: Halyq Uni
26 қараша 2024 ж. 133 0