Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәрмеңкенің берекесі мол

Жәрмеңкенің берекесі мол

Ауданда жыл сайынғы дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Молшылық мерекесі күз айында ерекше сән-салтанатымен ұйымдас­тырылып, қараша айының соңына дейін жалғасады. Мұндай жәрмеңке ел ырысын еселей түседі.

Алажаздайғы диқан қауымының еткен еңбегі берекелі күз айында мол өнімін беріп, оны аудан тұрғындарына ұсынады. Жәрмеңкеге әлеуметтік маңызы бар өнімдерден бастап, ет, сүт, май, айран, құрт, әртүрлі көкөністер, бақша дақылдары, мал азығы жеткізіледі. Бұл өнімдердің бағасы нарықтағы бағадан 10-20 пайыз­ға төмен сатылады.

– Аудан, әсіресе кент тұрғындары жәрмеңкені асыға күтеді. Жәрмеңке тұрғындарды әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында ұйымдас­тыры­лады. Жәрмеңкеге ет және түрлі азық-түлік тауарлар мол мөлшерде жеткізіледі. Тауарлар тұрғындарға қолжетімді бағада сатылады. Мал азығын да тұрғындар жәрмеңкеден тиімді бағада саудалап алады. Сон­дай-ақ жыл басынан бері аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен кент, ауылдық округтері «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамымен бір­ле­сіп ауыл шаруашылығы жәр­мең­кесі аудан орталығында жеті мәрте ұйымдастырылды. Ал облыс орталы­ғында бір мәрте жәрмеңке өткізді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Нұрсейіт.
Жылдың ең ауқымды жәрмеңкесі еліміз­дің мерейлі мерекесінде ұйым­дастырылған болатын. Биылғы жыл­дың несібесін арттыра түскен «Алтын күз» мерекесінде өткен жәрмеңкеге ауданның барлық елді мекендерінен 55 көлікпен 21,7 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. 170 тонна өнім базар бағасынан 10-15 пайызға арзан сатылды.

Күз несібесі саналатын жәр­мең­кеде аудан халқы азық-түлік, бақшалық дақылдарды молынан сатып алуға мүмкіндік алды. Арзан өнімге қол жеткізген тұрғындар өз ризашылықтарын жеткізді.

– Жыл сайын жәрмеңкенің өтетін күнінен алдын ала хабардар боламыз. Таң атқаннан бастап орталыққа асығамыз. Көлікке тиеліп әкелінген күріш, картоп, сәбіз, жуа, т.б. көкөністі және ет өнімдерін аламыз. Негізінен, жыл сайын баға тұрақтылығына байланысты ұйымдастырылатын жәрмең­ке қарапайым тұрғындар үшін тиімді. Күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңы­зы зор тауарларды нарық­тан төмен бағамен ұсыну сауапты іс деп ойлаймын, – дейді кент тұрғыны И.Ақылбек.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­мең­кесінде қолөнер шеберлерінің көрмесі және спорттық жарыс­тар ұйым­дас­тырылады. Ауданның көркем­өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлау дәстүрге айналған.

«Тт» ақпарат
16 қараша 2024 ж. 160 0