Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыспалы егіс өнімділікті арттырады

Ауыспалы егіс өнімділікті арттырады

Сыр өңірі ауыл шаруашылығы саласында жыл сайын толағай табыстарға қол жеткізіп келеді. Биылғы жылы облыс бойынша 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, күріш көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында егін егу науқанына су қажетті деңгейде жеткізілді.

Шаруашылықтар егін жинау жұмыс­тарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді. Бұл ретте облыс әкімі Н.Нәлібаев:

– Сыр өңірінің диқандары күзге толағай табыспен жетті деп айтуға толық негіз бар. Облыс күрішшілері 500 мың тоннаға жуық өнімді қамбаға құйып, күріштің әр гектарынан 58 центнерден өнім алды. Бүгінгі күні күріштен басқа дәнді дақылдардан – 18,5 мың тонна, майлы дақылдар – 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақшадан – 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдары – 327 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар аймақтың экспорттық әлеуетін арттыру және өткізу нарығын кеңейту бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге облыстан 20 млн долларды құрайтын 36,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталды. Инвестжобалардың жол картасына сәйкес, аймақта алдағы жылдары 64 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске аспақ. Бүгінде 7 инвестициялық жоба өз нәтижесін беруде.

Президент тапсырмасы аясында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге бөлініп, 575 жобаны қаржыландыру жоспарлануда, – деген болатын.

Аграрлы аудан Сырдария биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша көш бастап, «Озат аудан» атанғаны белгілі. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына 1,4 млрд теңге инвестиция тартылып, облыс көрсеткішіндегі үлесі 29,8 пайызды құрады.

Жалпы сырдариялық диқандар 21,8 мың гектар күріш егіп, әр гектардан орташа есеппен 50 центнерден өнім алды. Күзгі егін жинау науқанына 989 ауыл шаруашылығы техникасы қатысып, астық қамбаға құйылды.

Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев шаруашылық құры­лымдары төрағалары­мен кездесу өткізіп, егін егуге қатысты мәсе­ле­лерді талқылады. Кездесуге Қазақ­стан­­ның Еңбек Ері Абзал Ералиев, облыс­тық ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев, Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институ­ты» ЖШС-нің ардагер ғалымы Камалдин Шермағамбетов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жанар Прешова қатысты.

Аудан басшысы жиында ауыл шаруа­шылығы саласында өзекті мәселелер бар екеніне тоқталып, егін егудегі ауыспалы егіске тоқталды.

– Жыл сайын егін егу саласында су тапшылығына байланысты мәселелер туын­дайды. Биыл Мемлекет басшысының, облыс әкімінің қолдауымен егінге қажетті су толық жеткізілді. Алайда, алдағы жылы су мәселесі қалай болатынын ешкім болжай алмайды. Осыған байланысты аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев суды үнемдеу бағытында нақты жұмыстарды атқаруды тапсырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, суды аз қажет ететін дақылдар егу, егіс алқабын лазерлік тегістеу, ротация сақтау жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Осы талаптар сақталмаса, егін егу үлкен мәселеге айналады. Осы мәселені бірлесе отырып шешуіміз қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сөз кезегінде облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқар­масының басшысы Талғат Дүйсебаев егістік алқаптарда ауыспалы егіс талабын сақтап, суды аз қажет ететін дақылдарды егу қажеттілігін айтты. Тиісінше, алдағы жылы егістік көлемі қысқаратынын жеткізіп, шаруашылық құрылымдары төр­ағаларына әртараптандыру жұмыс­тарына басымдық беруді ескертті.

Мәжіліс барысында Қызылорда облы­сының жер ресурстарын басқару де­пар­таменті» РММ-нің басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев, Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің ардагер ғалымы Камалдин Шермағамбетов және «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев, «Ақ­жарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов ротация тәртібіне қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты.

Мәжіліс барысында мамандар егін егу және ауыл шаруа­шылығы техникаларын алуға қатысты жеңіл­детілген несие бағдар­лама­­ларын түсіндірді.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
12 қараша 2024 ж. 113 0