Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлтымыз ұлықтаған ұлы күн

Ұлтымыз ұлықтаған ұлы күн

Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған құқық қорғау органдарының, басқарма, департаменттердің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Аймақ басшысы жиналған қауымды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды.

– Баршаңызды еліміздің ең басты ұлт­­тық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлтымыз ұлық­таған атаулы күнді Сыр өңірі толағай табыс­тармен қарсы алуда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы – Сыр өңіріне келген сапарында облысымызға дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды аймақ деп оң бағасын берді.

Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын.

Аймақта 43 млрд теңгеге 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөнделуде. Соңғы үш жылда жөнделген жол 1271 шақырымға жетті. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады.

Электр энергиясымен қамту бағытында 2022 жылдан бері 18 млрд теңгеге 70 жоба іске қосылды. Биылдың өзінде 11 млрд теңгеге 38 жоба қолға алынды. Бұл тозған желілерді 72-ден 62 пайызға төмендетеді.

Облыста 30 млрд теңгеге 11 елді мекен (Сексеуіл және Төретам кенті, Абай, Ақсу, Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағанбетов, Алмалы, Досбол датқа, Бестам, Төменарық ауылдары) газдандырылуда. Осы жұмыстар аяқталғанда, өңірді газбен қамту көрсеткішін 75-тен 78 пайызға жеткіземіз.

Елді мекендерді сапалы ауызсумен қам­туда 2022 жылдан бері 16 млрд 800 млн теңгенің 55 жобасы жүзеге асты. Жыл соңына дейін көрсеткіш 98,1-ден 98,6 пайызға артады. Келесі жылдың соңында облыстағы барлық елді мекенге орталықтандырылған ауызсу қосамыз.

Егемендікке қол жеткізуді аңсап, өмірін күреспен өткізген ата-бабаларымыздың асыл арманы Тәуелсіздігімізді баянды ету – бүгінгі ұрпақ үшін жауапкершілігі зор міндет. Баршаңызды Республика күнімен тағы да құттықтап, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, толайым табыстар тілеймін! Еліміздің өркендеуі жолындағы адал қызметтеріңіз табысты, еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы өңірдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандары мен ардагерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Атап айтсақ, еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Тағы 7 азаматқа «Парасат», 15 азаматқа «Құрмет» ордені, 22 азаматқа «Ерен еңбегі үшін», 2 азаматқа «Шапағат» медалі мен «Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Мерекелік салтанатта Сырдария ауданының дамуына еңбек сіңірген ардагерлер мен азаматтар да марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагері Алмагүл Бақтиярова, «Шаған-Жер» ЖШС директоры Жеңісбек Сыздықов «Құрмет» орденімен, еңбек ардагері Бақытжан Лекеров, «Бесарық» шаруа қожалығының төрағасы Бейбіт Белгібаев, «Мағжан және К» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Республика күніне орай ұйымдастырыл­ған іс-шара мерекелік концертке ұласты.

Айта кету керек, Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығы жарияланды. Салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа тапсырды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
25 қазан 2024 ж. 51 0