Референдум: 7,8 млн қазақстандық дауыс берді
Сонымен, бір жыл бойы халық талқысында болған АЭС құрылысы бойынша референдум да өтті. Бұл референдум 2024 жылдың ғана емес, Қазақстан тарихында ерекшеленіп қалатыны даусыз. 6 қазанда 7,8 миллионнан астам қазақстандық ел келешегін айқындайтын іс-шарада дауыс беруге қатысты. Бұл – дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы.
Ең алдымен, елеулі күнде өңірлердің белсенділігі қалай болғанын айтпай кетуге болмас. Орталық референдум комиссиясының дерегінше, дауыс беруде Алматы қаласының халқы бәсең болған, қала тұрғындарының тек 25,39 пайызы таңдау жасапты. Ал ең белсенді болған өңір – Қызылорда облысы – 82,48 пайыз. Бұл – республика бойынша рекордты көрсеткіш.
Республикалық референдумға аудан тұрғындары да белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Аудан халқының саяси науқандағы белсенділігі жоғары болды. Дауыс беруге тұрғындармен қатар ауданымыздың белсенді азаматтары, ардақты ардагерлер, әкелер және әжелер ансамблі, мерейлі отбасы байқауының жеңімпаздары, спортшылар, ұстаздар, көкпаршыларға да қатысып, өз таңдауларын жасады. Жалпыхалықтық референдумға жастар да қатысып, өз таңдауларын жасады. 18 жасқа толып, тұңғыш рет науқанға қатысқан жастар да бар. Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров референдум күні алғашқылардың бірі ретінде өз учаскесінде бюллетень алып дауыс берді. Қария бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, комиссия мүшелеріне ақ батасын берді.
Таңсәріден учаскеге ерте келіп, алғашқы болып дауыс берген азаматтарға және ең жас дауыс берушіге арнайы сыйлық табысталды. Маңызды науқанда аудан жастарының ұйымдастыруымен «Автоволонтер» қызметі жұмыс жасады. Референдумға келген көпшілікке тегін автокөлік қызметі көрсетілді.
Бұл референдум ел тарихындағы ең ерекшесі болғанын айта кету керек. Себебі, алғашқы үшеуі саяси мәселелерге бағытталған болса, бұл жолғысы халықтың өз болашағын шешуге бағытталған жолы іспетті көрініс тапты. Бүкіл ел аумағында сайлау учаскелері сағат 07.00-де жұмыс істей бастады. Алғашқылардың бірі болып билік өкілдері дауыс беріп жатты. Олардың арасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де болғанын білеміз.
– Осы күн тарихқа енетіні сөзсіз. Біздің азаматтар атом электр станциясына қатысты шешім қабылдауы керек. Референдум – тікелей демократияның механизмі. Халық қандай шешім қабылдаса да, мемлекет оның еркіне бағынады. Дұрыс шешім қабылданатынына сенімдімін. Сондықтан мен референдум өткізуді қолдадым, – деді Президент.
Таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жүргізілген сауалнаманың алдын ала нәтижесі бойынша «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа дауыс берушілердің 71,8 пайызы «Иә, келісемін» деп жауап берді. Ал 28,2 пайызы «Жоқ, келіспеймін» деген жауапты таңдаған.
Сондай-ақ референдумның ашықтығын бақылауға келген тіркеуден өткен байқаушылардың да легі көп. Айта кетейік, учаскелерде заң бұзушылықтар тіркелмеген.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: kz.eurasiatoday.ru