Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлттық құндылықтарға негізделген тренинг

Ұлттық құндылықтарға негізделген тренинг

Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінің 1 «а» сынып жетекшісі Ақмарал Төлетаева ата-аналардың қатысуымен ерекше форматта жиналыс өткізді. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбын арқау еткен тренингте ата-аналардың басын қосқан ұстаз балаларды «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеудің озық үлгісін көрсетті.

Ең алдымен ата-аналардың бір-бірімен сәлемдесудің сәтті үлгісін көрсеткен жиында ата-аналар екі топқа бөлініп, тренингтің бірнеше бағытында пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда «Қызықты сұрақтар» ойы­ны, «Аяқталмаған сөйлем», «Сергіту сәті», «Балама қандай жылулық беремін?», «Сіз қандай ата-анасыз?» секілді бөлімдер бойынша ата-аналар баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздеді. Сонымен қатар «Менің мақтаныштарым» айдарымен 25 жылдан кейін балаларының қандай мамандық иесі болатынын болжаған қызықты фото көрсетілді.

Мағыналы әрі мазмұнды өткен тренингте әрбір ата-ана өз ойын ашық айтып, балаларды еңбекқор, адал, саналы етіп тәрбиелеудің жолын айқындады.

– Биылғы оқу жылында 26 оқушы бірінші сыныпқа қабылданды. Мектепте 225 оқушы білім алса, онбірінші сыныпта 19 оқушы оқиды. Оқушыларға 49 мұғалім сабақ береді. Мектепалды даярлық тобында 26 бүлдіршін бар. Бүгін мектеп мұғалімі Ақмарал Сайлаубайқызы ата-аналардың басын қосып, ерекше форматта тренинг өткізуде. Бұл «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына негізделген тренинг. Қазір балаларды тәрбиелеудің ұлттық, адами құндылықтарға негіздеу талабы қойылды. Өзіңіз байқағаныңыздай, түрлі ойын, тренинг арқылы ата-аналарға балаларды қалай дұрыс тәрбиелеу керектігі жайында кеңес берілді, үлгісі көрсетілді. Бұл жерде ата-ана мен мұғалімнің, баланың арасындағы байланыс анық сезіледі, – дейді мектеп директоры Бақытжан Бақбергенова.

Педагог-модератор санатындағы ұстаз Ақмарал Төлетаеваның айтуынша бірінші сыныпқа келген оқушылардың барлығы оқуға ынталы, белсенді. Оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы ізденісі мен тәжірибесі ұлттық құндылықтарға негізделеді. «Бала – ата-ана өмірінің жалғасы. «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп әлпештеп өсірген перзенті ауырып, не басқа бір қатер төнгенде мойындарына бұршағын салып, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» деп Құдайға жалбарынған ата-аналарымыз аман-есен жүрсін» деген тілегін білдірді.

– Биыл бірінші сыныпқа келген қызым Ұлболсын ұстазының арқасында сабағына ынталы. Күнделікті алған білімін үйде бізге айтып беруден жалықпайды. Бүгін ата-аналар жиналысына қатыстым. Әдепкіде мұндай қызықты өтеді деп ойламадым. Тренинг арқылы ата-аналар бір-бірімізді жақсы танып, ұстаз берген бағытта тәрбие берудің жолын негізге алдық. Шын мәнінде, ұлттық құндылықтан артық байлық жоқ. Өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына адами қасиетті сіңіру ата-анасына байланысты. Осындай жиналысқа әкелердің де уақыт бөліп қатысқаны жөн деп ойлаймын. Бала тәрбиесін мектепке немесе анасына артып қою дұрыс емес. Әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне күнделікті көңіл бөліп отырса, баланың бойында жақсы қасиет қалыптасады деген ойдамын, – дейді Арман Сырлыбаев.

Иә, бала қанша білім алып, мектеп табалдырығын аттағанымен, оның өмірінің көп бөлігі ата-анасының қасында өтеді екен. «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып, жерге қаратпасын десең балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» деп ата-бабамыз айтқандай, бала тәрбиесіне уақытыңда көңіл бөліп, еліміздің білімді, саналы ұрпағын тәрбиелейік деген пікірмен тренинг қорытындыланды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
05 қазан 2024 ж. 163 0