Аудан әкімі барлау-өндірістік ұңғымасын орнату жұмыстарымен танысты
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев С.Сейфуллин ауылындағы №30 барлау-өндірістік ұңғымасын орнату бойынша монтаждау жұмыстарымен танысты.
Биыл С.Сейфуллин және Іңкәрдария ауылдарында қосымша барлау-өндірістік ұңғымасын орнатуға аудандық бюджеттен 117,9 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде С.Сейфуллин ауылындағы барлау-өндірістік ұңғымасын орнату жұмыстарын мердігер мекеме «Stroy Global – 2018» ЖШС атқаруда. Ал Іңкәрдария ауылында құрылыс жұмыстары енді басталатын болады.
Құрылыс жұмыстары туралы аудан басшысына «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалының аудандық өндірістік учаске басшысы Марат Исмагулов айтып өтті. Қазіргі таңда ұңғыма орнату жұмыстары аяқталып, ауыз суды тазарту жүргізілуде.
Аудан әкімі тұрғындарға ауыз суды тәулік бойына беруде еш кедергі болмау керектігін атады. Соған сай қосымша өндірістік су ұңғымасының сапасына аса мән беру керектігін атап, салалық орынбасарына тұрақты бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берді.