Эпизоотиялық тұрақтылық аса маңызды
Көктем мезгілі кезеңінде ауыл шаруашылығы бағытында төрт түлік мал арасында мал ауруларын туындатпау үшін қажетті емді уақытылы жасау, ветеринариялық қызмет түрлерін іске асыру жұмыстары қыза түседі. Бұл ретте өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақтылықты сақтау аса маңызды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев саладағы негізгі мәселелерді тізбектеді.
Өткен жылы өңірде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен бөлінген 6291,2 мың доза ветеринариялық препараттар толық тасымалданып, егу жұмыстары жүргізілді. Биыл 14 түрлі эпизоотиялық іс-шараларды ұйымдастыру үшін 6345,1 препарат жеткізіледі.
Ал, мүйізді ірі қара, жылқы, түйенің энзоотиялық ауруларына қажетті 625,1 мың доза ветеринариялық препараттар алынып, алдын ала егу жұмыстары толық орындалды. 2022 жылға 667,5 мың доза препараттарды сатып алу жүргізіліп, алды жеткізіліп жануарларға егілуде, сырғалау жүргізілуде.
Шахмардан Қойшыбаев мал ауруларын болдырмас үшін ветеринар мамандардың әрбір ауылды аралап, диагностикалық жұмыстарды атқару ісі басталып жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, мал шығынын алдын алу бойынша шаруа қожалық иелеріне қажетті түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіліп отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, саланың өзекті мәселелерін жеткізіп, талқыланды және тиісті тапсырмалар берілді.