Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атом электр станциясы болашаққа қызмет етеді

Атом электр станциясы болашаққа қызмет етеді

Халық арасында елімізде атом электр станциясын салу мәселесі көп талқыланып жатыр. Қайбір жиынға бара қалсаңыз да көпшілік осы мәселеге бей-жай қарамай, талқыға салып, оның тиімді, тиімсіз тұстарын саралауды жөн көреді. Дегенмен бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «нүкте» қоятын күннің алыс емесін айтты. Яғни, атом электр станциясын салу – алдағы уақытта түбегейлі шешімін табады. Осы уақытқа дейін талқылаудан өткен мәселеге халықтық референдум арқылы шешім шығарылады. Негізінен АЭС салуға саланың мамандары мен халықтық пікір көп жағдайда бір арнаға тоғысқанымен қарсылық танытқандар да бар. Бүгін аса маңызды мәселеге айналған тақырыпты егжей-тегжей сараптауды жөн көрдік.

АЭС адамзат баласына не үшін қажет?

Негізінен Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы Президент 2021 жылы мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы мамандарға қауіпсіз атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін барынша зерттеуді тапсырды. Арада 3 жыл өткен соң Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында АЭС салуды өте маңызды мәселе деп атады. Үкімет қабылдаған қаулы негізінде республикалық референдум өтетін күнді белгіледі. Яғни биылғы жылдың 6 қазанында ел-жұрт болып дауыс беру арқылы шешім қабылданады.

Жалпы АЭС адамзат баласына не үшін қажет деген сауал төңірегінде белгілі ғалымдардың пікіріне сүй­е­н­сек, бар өмірін осы салаға арнап, еліміздегі ядро­лық физика институтында қырық жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан Сергей Кислицын АЭС салу қазақстандықтарға қажет екеніне сенімді. Ғалым қазақстандықтар электр қуатын осы күнге дейін көмір мен газдан алып келсе, оның да заманы өтеді дейді. Сондықтан электр қуатын алу үшін атом энергетикасы тиімді болады. АЭС-тің қауіпсіздігіне күмән келтіретіндер ел аумағына неліктен атом энергетикасы салынуы тиіс, неліктен су, жел, күн энергиясын таңдамаймыз дейді. Бұл тұрғыда маманның өзіндік дәлелі де бар. Мәселен, бір келі сутегі алуға 10 келіге дейін суды ыдырату қажет екен. Ал Қазақстанда ол үшін су қоры жеткіліксіз екені анық. Бұл энергия түрін теңіз, үлкен су тораптары немесе мұхитқа жолы ашық елдер өндіреді. Желдің қуаты да елімізді тұтас 100 пайыз қамтамасыз ете алмайды. Күн энергиясын Қазақстанның кейбір аймақтары ғана пайдалана алады. Сондықтан атом энергиясы бүкіл елге жететіндіктен, оның жұмысына ешқандай табиғи жағдай, ауа райы әсер етпейді. Бір сөзбен айтқанда, атом электр энергиясына балама жоқ дейді ғалым. Ал атом энергиясының өндірісіне ең қажетті уран екенін білсек, бұл отын түріне Қазақстанда тапшылық жоқ. Мемлекетіміз уран өндірісінен әлемде алдыңғы қатарда тұр. Яғни сырттан уранды сатып алудың қажеті жоқ.

АЭС-ті ел болашағына қажет деп айтудың да негізі бар. Өйткені жыл санап елде электр қуатына тапшылық сезіледі. Нақты айтқанда, 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы болады деген болжам бар. Еліміздің басым аймағында көмірмен жұмыс істейтін жылу беру станцияларының тозығы жеткендіктен олар істен шығып жатқаны белгілі. Ал АЭС салу сол кемшіліктерді қалпына келтіретін бірден бір жоба болады.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев атом электр станциясын салуға қатысты пікір білдіргенде бұған ғылыми тұрғыда қарау керектігін айтады.

«Айталық, зауытты көп мөлшерде электр энергиясымен қамтамасыз ету керек. Ол үшін энергияны жел, күн, электр станциялары арқылы алуға болады. Кейбір адамдар Фукусима мен Чернобыльдегі жағдайды мысалға келтіріп жатыр. Бірақ Ресей мен Жапония атом электр станциясынан бас тартқан жоқ. Бүгінде аталған екі ел электр энергиясы тұрақтылығының 30 пайызын осы АЭС арқылы ұстап отыр. Одан бөлек, АЭС-ті Семей полигонымен салыстырып жатыр. Ол жерде электр қуатын өндіру емес, қару-жарақ ретінде қарастырылды. Бұл салыстыруға келмейді. Ғылыми тұрғыда қарайтын болсақ, осыдан 12 жыл бұрын Бейжіңде демалатын ауа болмайтын. Өйткені өнеркәсіптің бәрі көмір жағатын. Қытай алдағы уақытта тағы 150 реактор салуды жоспарлап отыр. Қазір Бейжің ең таза қалалардың бірі» , – дейді мәжілісмен.

АЭС-тен келетін қауіптің болмауы шарт

Осы уақытқа дейін АЭС салынатын жер туралы халық арасында көптеген болжам бар. Негізінен АЭС судың ортасына салынатыны белгілі. Осы ретте қандай жер таңдалса да оның адам өміріне келтіретін қауіптің болмауы маңызды. Одан бөлек радиоактивті ластанудың зардабын да ел-жұрт жақсы біледі.


– Қазақстандықтар Семей полигонында болған жарылыстан кейін қорқып қалған. Қауіпті нәрсенің қайталанғанын кім қалайды дейсіз. Бірақ қазір дамыған ел қатарлы өмір сүруге бет алдық емес пе. Сол салынатын атом электр станциясының жұмысы автоматты түрде іске асатын болса, жұмысына адам араласпаса, барлық қорғаныс жүйелері орнатылса, авариядан қорғаудың автоматты жүйесі орнатылған жағдайда адам өміріне қауіпті болмайды. Ол үшін құрылыстың барысын жіті бақылауға алып, мұқият тексеріліп, қателікке жол бермеудің жолын қарастырса, онда АЭС-тің ешкімге қаупі болмайды деген сенімдемін. Радиациялық ластанудың да жағдайын қарастырып, адамға ғана емес, су қоймаларындағы тіршілікке де зияны тимеуі қажет, – дейді Семей ядролық зардаптарын жоюға қатысушы Мұрат Өтепов.

Әлемді дүр сілкіндірген Украинадағы Чернобыль апатын да ешкім ұмытқан жоқ. Бұл алып жарылыстан соң көптеген елдер атом станцияларын салуды тоқтатты. Бірақ ол елдерде электр қуатының жетіспеушілігі біртіндеп орын ала бастады. Халықтың да қарсылығы ескеріліп, АЭС салудан бас тартылды. Алайда АЭС-ті салуда қателіктер жібермеу, нәтижелі жұмыстың кепілі бол­мақ. Шын мәнінде жұмысқа жұмыл­дыры­латын әрбір маманның біліктілігі мен атқаратын қызметіне деген жауапкершілігі жоғары болуы тиіс.

АЭС эксперті Петр Своик Қазақстан жылдам АЭС салуға кірісуі керек деген пікірде. Себебі АЭС аса күрделі құрылыс. Бұл жобаға шетелдік мамандармен қатар қазақстандық құрылысшыларды тартып, жоғары технологиямен қамтамасыз ету керек. АЭС – үздіксіз өндіріс көзі ғана емес, үнемі жалғасып жататын процеске айналуы тиіс. Экологтардың да пікірінше станциядан экологиялық қауіп болмайды деп сендіреді. Қоршаған ортаға, оның тіршілігіне зияны тимейді.

– Балқашта салынуы мүмкін АЭС ең қауіпсіз қысымды су технологиясы бойынша салынады, станцияда екі реактор болады деп жоспарланып отыр. Салыстырмалы түрде Алматыдағы ядролық физика институында 1967 жылдан бері тура осындай бір реактор тұрғанын айта аламын. Бүгінге дейін ешқандай жарылыс болған жоқ. Ал Балқаштың суына келер болсақ, станцияға көлдің суы қолданылмайды. Арнайы бөлек су тасымалдануы керек болады, себебі көлдің суы құрылысқа жарамайды. Бұған қоса атом электр станциясынан көмірқышқыл қалдығы шығарылмайды, – дейді қазақстандық эколог Азаматхан Әміртай.

АЭС салуға кететін қаржы да қыруар

АЭС салуға шешім шыққан күнде де оның құрылысына қыруар қаржы кетеді. Ол қаржыны Қазақстанның қоржыны көтермейтіні анық. Мемлекет қаржысы құрылыстың 20 пайызын атқаруға жеткеннің өзінде, қалған 80 пайызын қарызға алады. Бұл күнде АЭС салуға қатысты ұсыныстар Франция EDF компаниясынан, Қытайдың CNNC компаниясынан, Ресейдің «Росатом» және Оңтүстік Кореяның KHNP компания­сынан түскен. Қаржылық төлем туралы айтылғанда үкіметтің қаржысынан бөлек сырттан инвесторларды тарту мәселесі де қарастырылатыны айтылады. Жоспар бойынша жаңадан салынатын АЭС 60 жыл жұмыс істесе, оның 20 жылы жұмсалған қаржыны ақтауға, қалған 40 жылы салынған инвестицияны орнына келтіруге кетеді екен. Қазақстанның АЭС құрылысына өзге елдер де қызығушылық танытқандықтан, шетелдік серіктестер инвестиция құюдан бас тартпайтыны анық. Экономистер жүргізген есеп бойынша жылдар өте салынған қаражат ақталады. Өйткені негізгі шикізат көзі уран өз елімізден шыққандықтан электр станция өндіретін энергияның құны да төмен болады деп жобаланған. Дегенмен ұзақ мерзімді жобаның тиімділігі мен артықшылығы оның сәтті аяқталуымен байланысты.

– Биылғы жылдың Жолдауында Президент көптен бері қозғалып жүрген мәселенің шешімі халықтың қолында екенін айтып, референдум күнін белгіледі. Тұрғындар бұл мәселеге байыппен қарауы керек. Ең алдымен болашағымыз үшін қажет нәрсе екенін түсінген абзал. Еліміздің дамуына қажетті ресурстар өндіріс көздері. Мұнай, газ, су қоры сарқылады. Сондықтан атом электр станциясының энергиясы барлық тіршілікке қажет. Осы уақытта энергияны сырттан тасымалдайтындықтан, оның құны да жоғары. Ал өзімізден өндірілетін болса, энергияның құны қымбат болмайды деген ойдамыз.

Құрылыс ұзақ уақыт жүргізіледі. Бұл қаншама адамға жұмыс көзі, болашақ мамандардың көптеп тартуға үлкен мүмкіндік. Дегенмен бұл жауапты миссияны кімдер атқарады деген сауал бар. Құрылыс алаңын сеніп тапсыратын компанияны бақылайтын мамандардың білімі мен білігі сай келе ме? Ал қаражат мәселесі бойынша мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы жеткіліксіз болатыны анық, сырттан келетін қаржы қарыз болғандықтан, оны қайтарудың мерзімі де шектеулі болады, – дейді ардагер Сәйділдә Сәдуақас.

АЭС – қордаланған мәселенің шешімі

Қай өңірді алып қарасаңызда коммуналдық шаруашылығы сын көтермейді. Күннің көзі қырауда екеніне қарамастан жылу беру маусымына дайындық тыңғылықты жүргізілмегендіктен оның зардабын тұрғындар көреді. Қақаған қыста тұтас қалалар жылусыз қалған кездер де аз емес. Бұл өткен ғасырдағы тозығы жеткен жылу станцияларының мерзімі өткендігінің салдары. Сондықтан ел-жұртты тұрақты жылумен, электр энергиясымен, сумен қамтуда кешенді жобалар қабылдау кезек күттірмейтін мәселе.

Ол үшін ең алдымен, күрделі апат­тардың алдын алып, үйлерге жылудың үздік­сіз берілуін қамтамасыз ету керек. Дегенмен жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту мәселесінде жекелеген өңірлер үшін емес, тұтас ел үшін аса маңызды ірі жобаны іске асыру мақсаты тұрғаны белгілі.

Мұнымен айтпағымыз, еліміздегі энергетикалық қауіпсіздік нысандарының жай-күйін толыққанды өзгерту қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы:

– Қазақстан үшін таза атом энер­­гиясының мәні зор. Бұл – ел эконо­мика­сының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық рефе­рендумға шығаруды ұсындым, – деді.

Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны Президенттің 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламасында нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз осы.

Осы мәселеге үн қосқан сырдария­лықтардың да пікіріне зер салсақ:

– АЭС «жасыл» энергия саналады. Президент бұл жайында Жолдауда және жиындарда талай мәрте айтып өткен болатын. Негізінен сарапшылардың пікірі бойынша бұл мәселені қолдауға болады. Яғни елімізде алып станция салынған күнде үздіксіз жұмыс істейтін, тұрақты энергия көзі болатыны анық деп сенеміз. Өзгенің электр энергиясына тәуелді екеніміз рас. Кісіге тәуелді болудың қандай екенін әсіресе, қыстың күні энергия тапшылығы орын алғанда қатты сезінеміз. Энергия ел аумағындағы өндіріске де аса қажет болғандықтан жыл өткен сайын оған деген сұраныстың да артатыны сөзсіз. Бұрыннан пайдаланатын көмір станциялары экологияға кері әсерін тигізеді деп дабыл қағуда экологтар. Ал жанармай станциялары мен күн батареяларының құны қымбат болатындықтан атом станциялары тиімді екенін айтады энергетиктер. Алдағы уақытта энергияның тапшылығын болдырмау үшін өз елімізде атом станциясының болғаны жөн. Барлық қауіпсіздік шаралары қатаң қадағаланатындықтан адамзатқа төнетін қауіп болмайды, – дейді ардақты ұстаз Марина Жұмабаева.

Түйін: Енді бір ай ішінде халық өз таңдауын жасайды. Мемлекетеміз үшін ауқымы кең жобаның іске асуына осыған дейін бірнеше қадам жасалды. Бұл жолы халықтан қолдау табылса бас-аяғы 10-12 жылда іске асатын құрылыста қауіпсіздік бас­ты назарда болуы шарт. Сондай-ақ халық пен қоршаған ортаға зияны жоқ АЭС қана Жаңа Қазақстанның болашағына қызмет ететіні сөзсіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: taq.kz
07 қыркүйек 2024 ж. 310 0