Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімінің білім күнімен құттықтауы

Облыс әкімінің білім күнімен құттықтауы

Құрметті ұстаздар!

Қадірлі ата-аналар мен оқушылар!

Баршаңызды Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!

Бұл – ұстаздар мен ата-аналар жауапкершілік жүгін арқалайтын маңызды күн. Білімнің биігіне талпынған шәкірттердің тағы бір белеске көтерілетін шағы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңі, мемлекет жас өрендердің сапалы білім, тағылымды тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасайды», – деп атап өтті.

Биыл 17 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Білімнің бастауы – «Әліппені» қолға алып, оқушы атанды.

Бітіруші түлектеріміз өткен оқу жылында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Сыр өңірі Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен республикада бірінші орынға шықты. Конкурсқа қатысқан 6 252 түлектің 4 752-сі немесе 76,1 пайызы мемлекеттік грант иеленді. Бұл – ұстаздар мен ата-аналардың еңбегінің қайтарымы. Осы жетістік үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін.
Кейінгі жылдары аймақтың білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Биылға салаға бөлінген қаржы облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады.

Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-ның құрылысы биыл аяқталса, 11-і келер жылы пайдалануға беріледі. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Өткен аптада Шығармашылық-инновациялық орталығының іргетасы қаланды.

Бұл – ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Балалардың жарқын болашағы, олардың жайлы, заманауи, сапалы білім беретін мектепте білім алуы үшін аянбай еңбек ете береміз.

Терең білім мен ерен еңбекті ұштастыратын ұрпақтарымыз көбейе берсін!

Жаңа оқу жылы құтты болсын!
01 қыркүйек 2024 ж. 224 0