Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылда сериал түсірілді

Ауылда сериал түсірілді

«Jibek Joly» телеарнасының тапсырысымен қолға алынған «Диван батыр» сериалы ауданымызға қарасты Нағи Ілиясов ауылында түсірілді. Кино шеберлерінің сәні мен салтанаты жарасқан республикадағы «Үлгілі ауылды» түсірілім алаңы ретінде таңдауы тегіннен-тегін емес.

Елімізге танымал әрі тәжірибелі әртістер ойнайтын сериал 16 бөлімнен тұрады. «Bazarbaev production» студиясы бүгінгі таңда түсірілім жұмыстарын аяқтады. Ал кино түсіру үшін әлеу­меттік-экономикалық жағдайы дамыған, ең көрікті ауыл Нағи Ілиясов ауылының таңдалуы бекер емес. Түсірілім барысында ауылдың тарихы, тыныс-тіршілігі таспаланып, көрермен назарына ұсынылады.

– Осы кезге дейінгі фильмдерде көбіне тозығы жет­кен, жағдайы жоқ ауылдарды көрсетіп жатады. Және ауыл өмірін, тұрмысын сондай төмен етіп көрсету қалыптасқан. Десек те елімізде Нағи Ілиясов ауылы секілді сәні мен салтанаты жарасқан, ахуалы тұрақтанған ауылдар жетерлік. Ол ауылдарда үлгілі кәсіпкерлер де бар екені белгілі. Бұл бір жағынан өзгелерге үлгі болары сөзсіз. Жайнаған, жанданған ауылдарды неге жар­қы­ратып көрсетпеске?! – дейді кино әртісі Жасұлан Базарбаев.

Киноның негізгі мәні – қазіргі кезде жиі айтылатын «диван батырларды» сынауға арналған. Жалқаулықтан арылып, құр сөзбен емес, іспен әрекет жасау қажеттігін астарлай жеткізеді. Еңбек етсең, берекеге жетесің деген мәнді ұқтыру – кино­ның негізгі мақсаты.

Ал фильмнің мелодрамма, комедия жанрында түсірілуі де кездейсоқ емес. Себебі, әзіл-қалжыңға құрылған туынды көпшілік арасында өтімді әрі сұранысқа ие. Және көрерменін қызықтырып, жалық­­тырып жіберуден аулақ болады. «Ал стилі – қазіргі таңда сұранысқа ие, біз үшін тың дорама стилінде» дейді телехикаяның негізін салушылар. Аталған фильмде Мағжан Асаубай, Фариза Есжанова, Индира Құлмағамбетова сияқты талантты әртістер ойнайды. Ал түсірілім барысында арнайы топқа ауыл тұрғындары жан-жақты қолдау көрсетіп, көмегін аямаған. Тіпті ауыл тұрғындары «Диван батыр» сериалының эпизодтық рөлдеріне де түскен. Оқиға желісі бойынша ауыл баласы Мағжанның басынан өткен қызықты әрі түрлі жағдаятқа негізделген оқиғалары баяндалады. Бас­ты кейіпкердің фильмде мінезінің шатақтау болуы да оқиғаны шиеленістіре түседі.

– Жұмысқа жаңаша көзқараспен шабыттанып кірістік. Съемка өте сәтті өтті. Фильм барысында күнделікті өмірден алыс кетпеуді басты назарда ұстадық. Қазіргі таңда болып жатқан, өзіміз көріп жүрген жағдайларды көрсетуге тырыстық. Сценарийде күлдіретін де, ойлантатын да жерлері бар. Түсірілім командасы түгел Алматы қаласынан келген талантты, тәжірибелі әртістер. Қазіргі таңда фильмді өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы «Диван батыр» сериалы көрерменнің көңілінен шығып, көзайымына айналады деген үміттеміз, – дейді фильм режиссері Шыңғыс Әбдібек.

– Біздің ауылымызда ауқымды телехикая түсірілуі әрине біз үшін үлкен мәртебе. Фильм түгел қазақстандыққа жол тартатын болады. Ауыл тұрғын­­дары түсірілім тобына жан-жақты қолдау көр­сетті. Бүгінгі таңда Алматыдан келген әртістер тобы ауылдағы жұмысты толық аяқтады, – дейді ауыл­дық мәдениет үйінің директоры Н.Тұранов.

Айта кетейік, 16 бөлімнен тұратын «Диван батыр» телехикаясы күз мезгілінен бастап «Jibek Joly» арнасы арқылы көрерменге жол тартады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото:Sostav.ru.
27 тамыз 2024 ж. 160 0