Науқанға сырдариялықтар үлес қосуда
Ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылының тұрғындары Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуда.
Акцияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев бастаған ауыл тұрғындары, белсенді жастар, еріктілер де өз үлестерін қосты.
2200-ден аса тұрғыны бар республика мен облыстағы «Үлгілі ауыл» байқауларының жеңімпазы атанған елді мекен тұрғындарының тазалыққа жаны құмар. Өз аулаларынан бастап ауылдың тазалығын сақтауға үлес қосуды әдетке айналдырған. Нағилықтардың ағаш отырғызу, тазалық жұмыстары мен сенбіліктерге белсене араласуын басқа елді мекендерге үлгі ретінде атауға болады. Бүгінгі акцияға 150-ге жуық ауыл тұрғындарының белсенді қатысуын ерекше атап өтуге болады.
Акция барысында нағилықтар ағаш көшеттерін отырғызып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Еліміздің үлгілі ауылдарының бірі саналатын ауыл орталығындағы аллеялар және арықтар тазартылды.
Н.Ілиясов ауылындағы шаруашылықтың негізгі инвесторы «Абзал и К» толық серіктестігі абаттандыру жұмыстарына ерекше мән беріп, санитарлық тазалық пен көркейту-көгалдандыруға атсалысып келеді.
Жалпы, Сырдария ауданында жыл басынан бері 6000-ға жуық ағаш отырғызылып, тазалық жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда.
Айта кету керек, облыс әкімі «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдіру мақсатында аймақ тұрғындарына «Таза Қазақстан - таза аймақ» Үндеуін жариялаған болатын.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі