Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Менің орныма сен берші» бата бере аласыз ба?

«Менің орныма сен берші» бата бере аласыз ба?

Атақты Жетес би бала күнінде тоқсан­дағы Төле бимен кездесіпті. Сонда Төле би әңгімені әріден бастап: «Бата – басқа, қына – тасқа, ақыл – жасқа бітеді. Не қалайсың, балам?» депті. Болашағынан көп үміт күттіретін бала Жетес: «О, қасиетті баба, ат берсеңіз, өліп қалады, тон берсеңіз, тозып қалады. Ат, тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпей­тін бір өсиет-бата айтсаңыз, соған шексіз ризамын» деп тізесін бүгіп, бата алмақ ниетте қол жайыпты.

Баланың талабына сүйсінген тоқ­сан­дағы Төле би:

«Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Өзіңе кәміл, халқыңа әділ,
Жауыңа қатал, досыңа адал бол!» деп бата берген екен.

Иә, бұл өсиет біреу үшін ертегі шығар, бірақ біз үшін құндылықтың төресі. Өйткені бата беру, ақ тілек арнау дәстүрі – атадан-балаға мирас болып келе жатқан жақсылық-шара­паты мен тәлім-тағылымы мол игі іс саналады. Сондықтан да ағайынға ақыл айтатын, жұртқа жол көрсететін, басшыға бағыт сілтейтін, алалауды біл­мейтін абыз ақсақалдарымыз бата беру дәстүріне ерекше құрметпен қараған. Бата беру ретін құлқынның құлы болмаған, саналы ғұмырында халқының ұлы болған, отызында орда бұзған, қырқында қамал алған, елуінде елге аға, алпысында жайлаудай жұртына жаға болған, жетпісінде желкенді кемедей желдің бағытын алдын-ала біліп, өмір теңізінде еркін жүзе білген, сексеннің сеңгірінде саламат пен салауатты ұштастырып, тоқсан­ның төрінен сенімді сөз саптаған ардақтыларға ұсынған. Ал біздің ауданда көбіне-көп ғасыр-ғұмыр жасаған Яхия Тасыров бата береді. Бірақ майдангердей болу қайда...

Халқымызда «Болмасаң да ұқсап бақ» деген даналық сөз бар. Жақсыға ұқсаған, еліктеген дұрыс, әрине. Алайда жақсыға ұқсап баққысы келмейтін, жасы үлкейсе де бата беруді білмейтін қариялар өз арамызда да бар екені жасырын емес. «Менің орныма сен берші» деп бата беру ретін әлдекімге ұсына салатындарды көріп те, біліп те жүрміз. Бұл сырт көзге оғаш көрінеді. Әсіресе үлкен кісіге қарап бой түзейтін жастар жағына қатты әсер етеді.

– Ықылым заманнан-ақ ата-бабаларымыз батаға асқан жауапкершілікпен қараған. «Жауынменен жер көгерер, бата­менен ел көгерер», «Бата – тілек­тің анасы» деп бекер айтылмаған.  Өйткені  батаның адам өміріне үл­кен әсер ететіндігін жақсы білген. Сон­дық­тан да қазақтар ежелден-ақ кеудесі алтын сандық, көкірегі ояу қариялардан, баһадүр батырлардан,атақты билерден,  айтулы ақындардан бата алуға ұмтылған, – дейді батагөй қария Рақымжан Бәйменов.

Ардагердің сөзін қуаттаған аудан­ның бас имамы Нұрсұлтан Серік­ұлы батаның астарында құл­шылық ұғы­мының да астасып жатқанын айтады.

– Батаның маңыздылығы оның рухани күшінде жатыр. Ең алдымен бата адамның санасына, алдағы өміріне, болашағынаәсер етеді. Сондықтан бата беру сұраушыға жақсы тілек, риясыз ниетті білдіру болғандықтан, ақ бата адамға рухани күш-қуат, мұқал­мас жігер сыйлайды. Сонымен қатар халқымызда теріс бата деген де бар. Теріс бата да фәтуа сияқты халықты жаман іс-әрекеттерден тыю­ға негізделген. Діни бата негізінен «Әуелі Алла оңдасын, Оң жағыңнан қолдасын» деп басталады. Бұл жерде батаның қабыл болуы  Раббымыздың қолын­да  деген ишараны білдіреді, – дей­ді ауданның бас имамы.

Осы ретте атақты Осман мемле­кетінің негізін қалаған Осман ғазының Әдебали әулиеден алған батасы еске түседі. Сол туралы қысқаша айтсақ. Осман мемлекетінің негізін қалаған Осман ғазы бата сұрай келгенде Әдебали әулие оған:

«Ұлым, енді Бексің!
Бұдан кейін ашу – бізден,
сабыр – сізден...
Ренжу – бізден,
көңіл аулау – сізден...
Кінәлау – бізден, төзу – сізден...
Жаңылу – бізден, кешіру – сізден...
Жанжал – бізден, әділет – сізден...
Бөліну – бізден, біріктіру – сізден...
Еріну – бізден, қанаттандыру – сізден... Осы жолда жүгіңді жеңілдетер күш-қайрат, ақыл мен жүрек тілеймін» деген екен. Ұғынған басшыға бұдан асқан өсиет жоқ секілді. Сондықтан «бата беру білмеймін, менің орныма сен берші» деп сылтауратқанша құнары мол қазақ тілінің қайнарынан «қанып ішіп», сөз мәйегін паш етуге ұмтылған дұрыс. Бұл ой-пікір оқыр­мандарға ой салады деп ойлаймыз...

А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: massaget.kz
24 тамыз 2024 ж. 180 0