Егінге орақ түсті

Егінге орақ салу рәсіміне, диқандардың қуанышына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов бастаған азаматтар ортақтасып, егіншілерге сәттілік тіледі. Салтанатты іс-шара ауданның Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов басқаратын «Ақжарма-2» шаруа қожалығының егістік алқабында өтті.
– «Сыр күріші – ел ырысы» деген қанатты сөз аудан диқандарының ұранына айналған. Аграрлы ауданымыз үшін егін егу, жинау және келесі егін науқанына дайындық жұмысын пысықтау қай кезде де маңызды. Соңғы жылдардағы су тапшылығының кері әсері Сыр диқандарына оңай соқпады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен, Үкімет пен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөз жүргізіліп, қолдау жасалды. Нәтижесінде биыл егісіміз сумен толық қамтамасыз етілді. Сол үшін барша сырдариялық диқандардың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласы жүйелі дамып келеді. Жыл сайын аграрлы ауданымыз егін саласы бойынша жоғары белестен көрінуде. Биыл ауданда 32273 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде, күріштің көлемі 21872 гектарды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде су үнемдеу және суды тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектарға күнбағыс, 10 гектарға жүгері, 50 гектарға бақша дақылдары егілді, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың депутаты, «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов сөз сөйлеп, ауылда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келе алдағы жоспарларымен бөлісті. Ауылдың дамуына шаруашылықтың қолдау көрсететінін, жақын күндері балалардың спорттық ойын алаңына қажетті құрал-жабдықтар орнатылатынын жеткізді. Мұнан бөлек егінді ысырапсыз жинап алу ортақ міндет екенін тілге тиек етіп, әріптестеріне сәттілік тіледі. Өз кезегінде еңбек ардагері, ауылдың қадірменді қариясы Мырзахмет Қараев бата берді. Мұнан соң ел ағалары мен аудан басшысы бастаған топ егінге орақ түсуге арналған лентаны қиып, салтанатты іс-шара шаруашылықта еңбек етіп, өмірден өтіп кеткен марқұмдарға Құран бағыштаумен жалғасты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ