«Жайлы мектептің» жайы қалай?
«Тереңөзек кентінен жаңа мектеп салынады» деп сүйінші ақпарат таратқанымызға да бір жылға жуық уақыт өтті. Аудан әкімі айтып, аудандық мәслихат депутаттары жария еткен жаңалықты жұртшылық жылы қабылдаған еді. Аудандық газет сол білім ордасының құрылысы қашан басталатынын, қазір қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын зерделеп көрді.
Бізге аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Бізге аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Тереңөзек кентінде 300 орындық мектеп құрылысы енгізілген. Жобаның үйлестірушісі – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Осы ретте мектеп құрылысы үшін жер учаскесін сәйкестендіру мақсатында былтыр 2 қарашада «Жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» аудан әкімдігінің № 281 қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес Тереңөзек кентінің А.Құнанбаев көшесі бойынан 36 меншік иесінен жер учаскесі және өзге де жылжымайтын мүліктері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмыстары жүргізілуде, – дейді Роллан Манарбекұлы.
Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда 31 тұрғынмен келісімшарт жасалып, тұрғын үйлер бұзылып, тазарту жұмыстары жүргізілуде. «Жайлы мектеп» құрылысы салынатын аймақты қоқыстан тазарту, жерін түзету жұмыстары аудан әкімдігінің бақылауына алынған. Тазалық жұмыстарын қадағалауға тиісті бөлім тарапынан арнайы маман бекітілген.
– 2023 жылдын 10 қарашасында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның теңгеріміне 300 орындық мектеп құрылысы үшін 2,6 гектар жер табысталды. Сонымен қатар, биыл жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуі жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады деп жоспарлануда, – деді аудан әкімінің орынбасары.
«Тт» ақпарат