Майқайыңдағы жағдай: іздеу жұмысы қайта жанданды
"Майқайың алтын" АҚ аумағында қаңтарда ескі шахтаға автобуспен бірге құлаған құтқарушыларды іздеу жұмыстары жанданды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.Кәсіпорын өкілдері іздеу жұмыстары күн сайын жүргізілетінін мәлімдеді.
"28 маусымда кәсіби әскерилендірілген авариялық құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабымен бірлесіп, іздеу жұмыстары басталды. Іздеу жұмыстары күндізгі уақытта таңғы 05:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Әзірге 7 шілдеде аяқтау жоспарланып отыр, қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылады", – деді "Майқайың алтын" АҚ өкілдері.
Сондай-ақ, кәсіпорын өкілдері кестеге сәйкес дайындық жұмыстары жасалғанын айтты. Жұмыстарға бульдозер мен екі экскаватор тартылған.
"Майқайың алтын" АҚ өкілдері жұмыс орнынан суреттер жолдаған. Кадрларда ағаш қалдықтары, жыртылған құжаттар көрінеді.










