Сыртқы істер ведомстволарының басшылары Алматыда кездесті
Бүгін Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі) отырысы өтеді. Оған Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу төрағалық етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезіндегі басымдықтарды орындау жөніндегі шараларды іске асыру барысы талқыланады.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұйым қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған құжаттарға қол қойылып, бірқатар саяси мәлімдеме қабылданады деп күтілуде. «Кездесуге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысады», деп хабарлады РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарова.
Бұған дейін Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянның бүгінгі кездесуге қатыспайтыны белгілі болды.
Еске салайық, маусым айының басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті қабылдады. Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұйым терроризм, есірткі және қару-жарақ айналымы, ақпарат саласындағы қылмыстар сияқты сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұруға ерекше назар аударуы керек.
ҰҚШҰ: тарихы және қатысушылары
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты ұйымдастыру 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте (Өзбекстан) Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қол қойған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты жасау кезеңінен басталады. Кейін оған Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды (1993). Шарт 1994 жылғы 20 сәуірде ратификациялау рәсімдері аяқталғаннан кейін күшіне енді.
1999 жылы Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы хаттамаға қол қойды, оның негізінде қатысушы елдердің жаңа құрамы қалыптастырылды және Шартты бес жылдық мерзімге ұзартудың автоматты тәртібі құрылды (Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан Шарттағы мүшеліктерін тоқтатты). 2002 жылы 14 мамырда Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік шартына халықаралық аймақтық ұйым мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.