Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәскеуде Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы аталып өтті

Мәскеуде Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы аталып өтті

Мәскеуде Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойына орай салтанатты іс-шара өтті.

100 жылдық мерейтой, 25 мамырда Жеңіс алаңында мәңгілік алаудың жанына гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, әскери атташе аппаратының қызметкерлері, Мәскеудегі жоғары оқу орындарында оқитын ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері мен курсанттары Отан үшін қаза тапқан жандарды еске алды.

Содан соң қонақтар Жеңіс мұражайында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың «Жеңіс адамдары» жалпыхалықтық тарихи депозитарийінің базасына дербес деректерді салтанатты түрде енгізу рәсіміне қатысты. Бұл 150 миллионнан астам тағдырды сақтауға арналған және нацизмді жеңген ұрпақтың мәңгілік ізін қалдыруға арналған «халықтық экспозиция».

Жеңіс мұражайында қазақ халқы ұлының мерейтойын атап өту біз үшін үлкен мәртебе. Оның Отанға жанқиярлықпен қызмет етуі өскелең ұрпаққа үлгі. Бүгінгі іс-шараға Мәскеу әскери оқу орындары жас курсанттарының қатысқаны өте маңызды, - деп атап өтті Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев.

Дипломатиялық өкілдіктің басшысы Сағадат Нұрмағамбетовтың тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші болып «Халық қаһарманы» атағын алғанын еске салды. Бүгінде оның өмір жолы, дүниетанымы және әскери қолбасшы ретіндегі білімі көптеген замандасына үлгі.

Жеңіс саябағына барған іс-шара қатысушылары «Скорбь» (қайғы) мүсініне гүл шоқтарын қойып, «Берлинге шабуыл» диорамасымен танысты, сондай-ақ, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арналған экспозицияны тамашалады. Онда отбасылық мұрағаттан алынған өмірбаяндық мәліметтер мен фотосуреттер және батырдың қола бюсті ұсынылды.

Жеңіс мұражайының бас директоры Александр Школьник аталған іс-шара мұражай үшін маңызды оқиға екенін айта келе, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың тағдырынан бастап жобаның жаңа бетін, яғни жеңіске үлес қосқандардың барлығын еске алу үшін құрылған «Жеңіс жүздері» жобасының ашылғанын айтты.

Біз мұнда отбасылық тарихты, соғыс жылдарындағы барлық ұрпақ өкілдерінің фотосуреттері бар аңыздарды жинаймыз. Біз үшін Қазақстанның бұл жобаға қосылуы өте маңызды және біз Қазақстанның барлық азаматы батыр ата-бабасын еске алып, Жеңіс мұражайына фотосуреттерді, тарих пен отбасылық аңызды жібереді деген үміттеміз. Содан соң Жеңіс мұражайына келіп, өз батырын «Жеңіс жүздері» деген атпен көре алады, - дейді Александр Школьник.


26 мамыр 2024 ж. 125 0