Ресейдегі қазақстандық дипломаттар Жеңіс күні қарсаңындағы еске алу шараларына қатысты
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 78 жыл толуына орай ұйымдастырылған еске алу іс-шараларына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресейдегі Қазақстан елшісі Ермек Көшербаевтың айтуынша, дипломатиялық миссия ұжымы екі өңірге – Ржев және Волоколам округіне барған.
Қазақстандық делегацияның сапары Ржев түбінде соғысқан 100 және 101-ші атқыштар бригадасының қазақстандық сарбаздарына арналған Мемориалдық кешеннен басталды. Мұнда дипломаттар жергілікті әкімшілік өкілдерімен бірге қаһармандар монументіне гүл шоқтарын қойды.
Биыл адамзат тарихындағы ең қанды ұрыстардың бірі – Ржев шайқасының аяқталғанына 80 жыл толды. 1942-1943 жылдары Алматы мен Ақтөбеде құрылған 100 және 101-ші атқыштар бригадасы Ржев пен Вязьма түбінде, Оленино мен Белыйда ерлік көрсетті. Сол кезде жеке құрамның 80 пайыз қазақстандық азаматы қаза тапты. Жалпы, Ржев шебі Мәскеуді қорғауда өте маңызды рөл атқарды.
Сапардың келесі бағыты Ржев ауданындағы Трубино ауылы болды, онда Кеңес солдаттары жерленген. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Ислам қағидаттары бойынша құрбан болған сарбаздарға дұға жасалды. Мұнан соң Кеңес солдатына арналған Ржев мемориалына барды. Бұл мемориалдық кешен 1942-1943 жылдары Ржев түбіндегі соғыста қаза тапқандардың құрметіне салынған. Оның орталық бөлігі – 25 метрлік солдат мүсіні.
Еске алу шаралары түстен кейін Волоколам қалалық округінде жалғасты. Дипломаттар Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының мүсініне гүл шоқтарын қойып, Нелидова ауылындағы «Панфиловшы батырлар» мемориалына барды.
Волоколам қалалық округінің басшысы Михаил Сылка Қазақстан елшілігі еске алуіс-шараларына үнемі өте белсенді қатысатынын атап өтті.