Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер-ұстазды еске алу турнирі өтті

Ардагер-ұстазды еске алу турнирі өтті

Уақыт зымырап өткенімен жақсы адамның артында қалған мол мұрасы мәңгі жасайды. Игі ісімен ел жадында қалған атпал азамат өмірден өтсе де ұрпақ тәрбиелеп, елеулі қызметімен танылған абзал есімдер ұмытылмайды. Жақында аудандық аграрлық-техникалық колледжде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары ұстаздары арасында тоғызқұмалақтан еске алу турнирі өтті.

Еске алу турнирі ҚР білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Ғафур Үдербаевқа арналды. Облыстық жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, облыстық тәрбие спорт және қосымша білім беру орталығының директорының орынбасары Ерғали Алпысбаев, Сырдардия аграрлық-техникалық колледжінің директоры Дархан Қожахметов, марқұм Ғафур Зұлхарұлының жұбайы Нәзтай Тілемісова, сыныптасы Рахымбек Әкімжанов қатысты.

Ардақты ұстаздың рухына тағзым ету іс-шарасында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы ардақты азаматтың өмір жолына, ел игілігі жолында атқарған қыз­метіне тоқталды.

– Ғафур Үдербаев 1948 жылы Тереңөзекте дүниеге келіп, 1966 жылы орта мектепті бітірісімен Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, оны 1972 жылы экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын мамандығы бойынша аудан орталығындағы ірі мекемелерден бастаған. Аудандық жоспарлау комиссиясының аға экономисі, автотранспорт кәсіпорнында бөлім бастығы болды. Қызмет жолында алдымен коммуналдық кәсіпорындар ком­бина­тының, содан кейін жолаушылар тасымалдау автоколоннасының бастығы қызметін атқарды. Өзінің негіз­гі жұмысымен қоса қоғамдық жұмыс­тарға қатысып, білікті экономист ретінде аудан бойынша экономикалық талдауларға, аудандық партия коми­теті­нің бюро мәжілісіне мәселе дайын­дауға қатысты. Білікті маман әр тап­сыр­­маға жауапкершілікпен қара­ды.

Ғафур Үдербаев 1985 жылы қыркүйек айында халық депутаттары Тереңөзек поселкелік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ардақты азамат аудан орталығының қат-қабат тірлігіне жігермен кірісіп, әлеуметтік мекемелердің жылуы, суы, көшенің тазалығы, көркейту, көгалдандыру, қыстақ тұрғындарының тұрмыс жағдайы, жол жөндеу тағы басқа жұмыстармен нақты айналысып, оң нәтижелерге қол жеткізді. 1987 жылы мамыр айында халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне ауысты. Ғафур Зұлхарұлы барлық көрсеткіштерді жоспарлау, орындалуын бақылау, экономика, қаржы, банк саласына жауапты болды. 1999-2011 жылдар аралығында кәсіптік-техникалық училищені басқарды. Осы жылдарда аудан орталығындағы кәсіби маман дайындайтын жалғыз оқу орнының деңгейі мен дәрежесін көтерді, – деді Д.Байдушев.

Ұлттық ойын тоғызқұмалақтан ұйымдастырылған еске алу турнирінде облыстық тәрбие-спорт және қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Алпысбай Сражадинұлы, сыныптас досы Рахымбек Әкімжанов, Ғафур Зұлхарұлымен бірге 40 жыл қызмет атқарған «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Балшекер Өтегенова ардақты азамат туралы жылы естеліктерін айтты.

Турнирге 9 командадан құралған 30 ұстаз қатысып, нәтижесінде жүлделі бірінші орынды Сырдария аграр­лық-техникалық колледжінің командасы иеленді. Екінші және үшін­ші орынды Жаңақорған аграрлық-техни­калық колледж және Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграр­лық-техникалық жоғары кол­леджі алды. Жеңімпаздарға, үздік ойын­­­шы­лар мен төрешілерге ардақты азамат Ғафур Үдербаевтың отбасы аты­­нан қаржылай сыйлық пен марапат ұсынылды.

– Ел ағасы атанған өмірлік қосағым Ғафур Үдербаев өмірден өтсе де оның көзі тірісінде аудан үшін атқарған қыз­меті ел жадында. Бүгін өзі қызмет еткен колледжде еске алу турнирі өтті. Айтыл­ған естеліктер азаматымның қажыр­лы еңбегіне берілген баға деп білемін. Ұйымдастырушыларға, келіп қатыс­қан командаларға алғысымды білдіремін, – деді Нәзтай Тілемісова.

Бибісара ЖАНӘЛІ
25 мамыр 2024 ж. 167 0