Шіркейліден шыққан даңқты палуан
Сыр саласын өсіруде даңқы көкке өрлеген Шіркейлі ауылында елге есімі белгілі қаншама тұлға өсіп-өнген. Қасиетті топырақтан еркін күрестен КСРО спорт шебері, ардақты ұстаз Алтынбек Әсіров түлеп ұшқанын бірі белсе, бірі белмес. Жақында туған жердің мерейін асқақтатып, артынан өшпестей із қалдырған арда азаматты еске алуға арналған еркін күрестен аудандық ашық біріншілік өткізілді.
№129 Әбірәш Жәмішов атындағы мектеп-лицей базасында жүзеге асқан бозкілем шеберлерінің бәсекесінің ашылу салтанатына аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Бағдат Есенов, Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров, мекеме басшылары, сала мамандары, жергілікті тұрғындар мен қонақтар қатысты.
№12 Балалар жасөспірім спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен жарысты аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Бағдат Есенов ашып, әрбір балғын спортшыға сәттілік тіледі.
– Біз қашанда берекесі тасыған ауданның атын әлемге танытқан спорт саңлағының еңбегін жоғары бағалаймыз. Өз уақытысында еркін күресті жанына серік етіп, талай қарсыласының жауырын жерге тигізді. Үнемі өзінің шеберлігінің арқасында дәрежесі жоғары жарыста мықтылық таныта білді. Ғибаратты өмір жолында көптеген шәкірт тәрбиелеп, ауыл баласын барынша шымыр болуға дағдыландырды. Бүгін міне кез келген жас палуанның қарымын бағамдап, күресу өнеріне қанықтық, – деді Бағдат Мырзалыұлы.
Негізінен, жарысқа 14 салмақ дәрежесі бойынша 8 командадан 300-ден аса спортшы бақ сынады. Өз кезегінде ауыл әкімі Талғат Құламқадіров ұлағатты ұстаздың әріптесі Тыныштық Қыстаубаев, шәкірті Алмасбек Сүлейменов, зайыбы Дәмет Қыдырова болмысы бөлек азамат хақында естелігімен бөлісті.
Қайраты басым ұлағатты ұстаз Алтынбек Әсіровке 2006 жылы «ҚР Құрметті спорт қайраткері» атағы берілген. Оның негізгі мамандығы химия-биология пәнінің мұғалімі еді. Білікті маман 300-ге жуық разрядты спортшы шығарса, 70 төреші дайындауға зор үлес қосты. Сонымен қатар 6 спорт шеберін жарыс жолына шығарған тәжірибелі маман атанды. Қашанда бозкілемде қарсыласпен иық теңестіре күрескен палуан осыдан 8 жыл бұрын келместің кемесіне мініп, бақилыққа аттанды.
Жарыс жолына шыққан спортшылардың бағы басым болды. Білектің күштілігімен биік тұғырға көтерілген жекелеген балғын палуанға арнайы «Диплом», медаль табысталды. Ашық біріншілік жыл сайын өткізілетін болады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ