Сындарлы сәтте сынбаған тағдырлар
Байлықтан қымбат саналатын денсаулықтың қадірін білген адамға одан асқан құндылық жоқ. Дені сау адам – табиғаттың ең бағалы жемісі десек, қоғам өмірінде тән рақаты – денсаулық екенін сезінген қаншама адам бар. Жарық дүниеге келген сәттен адам көптеген сырқат белгісімен күресумен болады. Төсек тартып жатқан немесе дімкәс көңілде жүрген әрбір жарымжан жанға дәрігер тарапынан мүгедектік тағайындалуы мүмкін. Үш санатқа және өмірлікке бөлініп, мемлекет қамқорлығына алған мүгедектігі бар жандар арамызда көп. Көкейдегі мәселенің түйінін тарқатып, мүгедектігі бар жандарға қатысты аз-кем зерттеу жүргізуге байлам жасадық.
Балалар арасында жүйке жүйесімен сырқаттанушылық көбеюде
Елімізде өткен жылдың сәуір айында түрлі санаттағы мүгедектігі бар адамның саны 955,4 мыңға жеткенін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялап отыр. Аудан бойынша дәрігерлік сараптау комиссиясының қорытындысы негізінде 1345 адам мүгедектігі бар ретінде тіркелген. Сырдария аудандық ауруханасының сараптау комиссиясының төрайымы Манат Садықова аталған мәселеге қатысты біршама тың дерек айтқан болатын.
– Аудандық ауруханаға қарасты дәрігерлік сараптау комиссиясы 2023 жылдың 12 айында жергілікті тұрғындар үшін 1730 мемлекеттік қызмет көрсеткен еді. Ақ халатты абзал жандар алғашқы рет мүгедектікке шыққан науқас саны – 21-ге азайғандығын анықтады. Бірінші мәрте мүгедектікке шыққан жандар арасында І орында жүйке жүйесі, ІІ орында көз, ІІІ орында қатерлі ісік ауруы тұрғанын айта кетейін. Оның ішінде, балалар арасында жүйке жүйесімен сырқаттанушылық көбеюде. Мүгедектік тағайындалған науқастардың арасындағы жұмыс жасындағылар 48-ді құрады. Денсаулық жағдайы жақсарып, мүгедектіктен алынған 21 науқас оңалту бағдарламасына өткен болып табылады. Кез келген дәрігерлік аймақ бойынша жүрек және қан тамырлары, қатерлі ісік, жарақат, жүйке жүйесі, тыныс алу, сүйек пен буын, бүйрек, қуық, көз аурулары секілді көптеген диагнозбен мүгедектікке өткен науқастардың есебі шығарылады, – деді дәрігер.
Кез келген ота жасатқан немесе дәрігерлік есепте тұратын жандарға мүгедектік тағайындалмайды екен. Медицинада оның өзіндік талдауы, сараптамалық қорытындысы шығарылатынына көзіміз жеткен. Әр жыл сайын дәрігерлік сараптау комиссиясынан өткізілетін науқастың санаты да, өзгеріп отырады. Бір білетініміз, І санаттағы науқас жұмысқа жарамсыз ретінде танылады. ІІ, ІІІ санаттағы кез келген сырқат жұмыс жасауға мүдделі.
– Денсаулық жағдайыма байланысты маған 4 жыл қатарынан мүгедектік тағайындалған болатын. Алғашқы жылдары 2 топ мүгедегі атансам, кейіннен 3 топқа түсірілдім. Комиссиядан өту барысында көптеген қиындыққа тап боламыз. Сырқаттың қауіптілігін көзбен көрсе де, комиссияның әрбір мүшесі мүгедектік беруге асықпайды. Құжатты саралап, кінәрат тапқан жағдайда шығарып жібереді. Бүгінде құжатыма байланысты мүгедектік алмаймын, – дейді Гаухар Әзеханова.
Мүгедектерді мемлекеттік қорғау тұрақты жүзеге асырылады
Негізінен, елімізде мүгедектігі бар адамды әлеуметтік қорғау туралы арнайы құжат бар. Мемлекеттік саясаттың бір бөлшегі саналатын саланың өзіндік ұстанатын ережесі мен қағидасы қалыптасқан. Рухы биік жандарға жасалып жатқан ерекше қамқорлық жеткілікті. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақсұт Қаратаев мүгедектігі бар жандарға бағытталған ауқымды жұмыстарды біздерге саралап айтып берген еді.
– 2023 жылы электронды Үкімет веб-порталы және мемлекеттік корпорация арқылы мүгедектігі бар адамның жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, 1345 өтініш келіп түскен. Барлық өтініш толық қамтылып, 100 пайызға орындалды. Біздің бөлім аталған сала бойынша Қызылорда қаласы мен аудандар арасындағы көрсеткіш негізінде бірінші орынға табан тіреді. Өтініш бойынша мүгедектерді оңалту іс-шарасымен қамтамасыз ету – «Әлеуметтік қызметтер порталы» жүйесі арқылы мүгедектігі бар адамдардың немесе олардың заңды өкілдерінің электронды цифрлық қолтаңбасымен тапсырыс беру жолымен жүргізілді. Оның ішінде, протезді-ортопедиялық құралға – 204, сурдотехникалық көмекші құралға – 18, тифлотехникалық көмекші құралға – 128, кресло арбаға – 44, санаторийлік-курорттық емдеуге – 101, жеке көмекші қызметіне – 135, ымдау тілі маманымен қамту қызметіне – 12, міндетті гигиеналық құралмен қамтамасыз етуге – 703 тапсырыс беріліп, 100 пайызға қамтылды. Медициналық-әлеуметтік мекемеде, яғни, «Талсуат» оңалту орталығында арнаулы әлеуметтік қызмет алған 40 науқас бар. Ал психоневрологиялық интернат үйіне 3 адам жолданды. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің әлеуметтік қызметін ұсынуға 128 жеке көмекшіге республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 143639,3 мың теңге бөлінді. Мүгедектігі бар адамды міндетті гигиеналық құралмен және техникалық оңалту құралының кеңейтілген тізбесімен қамтамасыз етуге республикалық және жергілікті бюджеттен 79640,4 мың теңге игерілді, – дейді бөлім басшысы.
Жалпы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан мүгедектігі бар жандарға көптеген мемлекеттік көмек көрсетілген. Мәселен, естуі бойынша мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілінің 1 маманы 12 мүгедектігі бар адамға қызмет ұсынған. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен 5107,7 мың теңге қаражат қаралған. Ал мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу қызметі аясында өткен жылы 91 балаға 6944,8 мың теңге тағайындалып, төленген. Жергілікті мәслихаттың шешіміне сәйкес, әлеуметтік көмек көрсету қарастырылып, осы санаттағы, яғни өмірлік қиын жағдайдағы қатерлі ісігі бойынша жедел лимфоидты және миелоидты лейкоз ауруымен диспансерлік есепте тұратын 5 адамға 1573,2 мың теңге әлеуметтік көмек жасалған. Мүгедектігі бар адамдарды автокөлікпен тасымалдауға әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған «Инватакси» қызметіне мемлекеттік сатып алу заңнамасы бойынша «Тұран-Шах Қызылорда» мүгедектер қоғамдық бірлестігімен барлығы 5398,8 мың теңгеге шарт жасалып, 2 инватакси жергілікті тұрғындарға қызмет көрсеткен.
– Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы көз мүгедектері, кресло-арбадағы және мүгедектігі бар балаларды қоса алғанда барлығы 270 мүгедектігі бар адамнан 411 тапсырыс қабылданып, мерзімінде қызмет жасалды. Былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қоғамдағы маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында мүгедектігі бар адамдардың іс-шарасын ұйымдастыруда жеңімпаз болып танылған «Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қорымен 2169,6 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалды. Жыл көлемінде мүгедектігі бар адамдар арасында спорттық іс-шара мен қайырымдылық көмектер көрсетуде барлығы 310 адам қамтылып, 2169,6 мың теңге толық игерілді. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытында 6 объектіге толық бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы топ объектілерді аралау барысында бейімдеу жұмыстарын қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жоспардағы 6 объекті бойынша толық мәліметтер республикалық «Қолжетімділіктің интерактивті картасына» енгізіліп, 100 пайызға орындалды. Сырдария ауданы әкімдігінің 2022 жылдың 2 желтоқсанында «2023 жылға мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» №323 қаулысымен 10 жұмыс орнына квота бекітілген еді, – дейді Мақсұт Амануллаұлы.
Есепті мерзімде аталған бөлімде жоғарыда көрсетілген қызмет түрлері бойынша жергілікті тұрғындарға көмек жасалуда. Санаторийлік-курорттық емделу бойынша қызмет алушылар порталдан өздері таңдаған шипажайларға барып емделудің қаржысы облыстық басқармадан төленетіндігін айта кетейік. Бір адамға жылына бір мәрте 14 күнге қызмет құны – 302648,92 теңгені құрайды. Ал мүгедектігі бар балаларға кепілдік берілген соманың 70 пайызы, яғни 211854,24 теңге облыстық басқарма арқылы төленсе, қалған 30 пайызы 90794,68 теңге баланың жанында ілесіп жүрушінің өз есебінен төленуге жатады. Есепті мерзімде 3 адам санаторийлік-курортқа барып келген. 63 адам алдағы мамыр-қыркүйек айының аралығында бару үшін «Әлеуметтік қызметтер порталында» арнайы демалыс орындарына тапсырыс берілген.
– Жыл сайын тұрақты түрде Сарыағаш қаласындағы шипажайда демалып тұрамын. Мемлекеттік қолдауды жан-жақты сезініп, денсаулығымызды түзеуге мүмкіндік алудамыз. Шипажайда барлық жағдай жасалған. Өзім мылтық атудан республикалық жарысқа қатысып тұрамын. Жақында білікті бапкер Жұмабек Дәрменовпен бірге Алматы қаласында өткізілетін ҚР чемпионатында бақ сынамақпыз, – деді кент тұрғыны Асқарбек Орынбаев.
Есепті мерзімде мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес, өткізілген конкурс нәтижесінде ерекше мемлекет қорғауындағы іс-шараны ұйымдастыруды «Сырдария» қоғамдық қоры жеңіп алды. Бұл ретте, осы уақытқа дейін 30 адамға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, азық-түлік себеті таратылған.
Елімізде мүгедектегі бар жандар қанша жәрдемақы алады?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 25 мамырдағы №400 «2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту туралы» Қаулысы бар. Осы Қаулыға сәйкес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 пайызға артқан болатын. Шын мәнінде, мүгедектерге берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайындағы, мүгедек баланы тәрбиелеуге, 1-топтағы мүгедектерге күтімді жасайтын адамдарға, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың кейбір түрлері, мүгедектік/асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыларға түзетілген зейнетақы төлемдері секілді жәрдемақы тағайындалады.
Негізінен, І топ мүгедегіне 89248 теңге, ІІ топ мүгедегіне 71398 теңге, ІІІ топ мүгедегіне 48681 теңге тағайындалады. Мүгедек баланы тәрбиелеуге және І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға 65313 теңге жәрдемақы беріледі.
Жігері мұқалмаған Жандос
Жігері мықты, рухы биік жандар қашанда қоғам өмірінде өзіндік орындарын қалыптастыруда. Өмірге құштар жандар арасында жеке кәсіппен айналысатын Жандос Мұсағұлов құс шаруашылығын дамытуда. Ол – ата анасының қолдауының арқасында бизнесін кеңейту үстінде. Күнделікті 30-ға жуық тауыққа күтім жасайтын жігерлі жігіт шахмат пен дойбыны жақсы ойнайды. Спорттық жарыстарда бақ сынайтын азамат үнемі жеңіс тұғырынан көрінуде.
– Кішкентайымнан маған ата-анам қолдау көрсетіп отырады. Денсаулық жағдайымды бақылап, жүріп-тұруыма көмектеседі. Соңғы жылдары өзімнің кәсіппен айналысуға құштарлығым оянды. Айналамда он екі мүшесі сау болса да, қол қусырып жүрген адамдарды көргенде қапаланамын. Өз басым қабілетім жеткенше кәсібімді кеңейтуге барымды саламын, – дейді Жандос Мұсағұлов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ